Оралда қоғамдық көлік жолақысы қымбаттайды
Жаңа тарифті Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен алдағы қаңтар айынан бастап енгізу көзделуде.
Орал қаласында қоғамдық көліктерде жолақы бағасы көтеріледі, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Орал қалалық мәслихатының сессиясында бұл мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Қалалық мәслихаттың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, депутаттар басым дауыспен қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеу бағасын 100 теңгеге дейін (қазіргі кезде 80 теңге) көтеруге келісті. Ал қолма-қол ақшамен жолаушылар 200 теңге (бұған дейін 150 теңге) төлейтін болады.
Жаңа тарифті Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен алдағы қаңтар айынан бастап енгізу көзделуде.
Облыс орталығында 26 бағыт бойынша алты жолаушы тасымалдау кәсіпорны қызмет көрсетеді. Жыл сайын осы қызметті 54,5 млн адам (қала тұрғындары мен қонақтары) пайдаланады.
Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жолаушы тасымалдаушылардың қаржылық есебі қазіргі тариф кезінде шығынның кірістен анағұрлым асып түсетіндігін көрсетеді, сондықтан зиянға қалады. Соған байланысты субсидиялау тетігі қолданылып келеді. Қала әкімдігі 2021 жылдан бастап жолақы төлеудің электронды жүйесін енгізу нәтижесінде ақша айналымы ашық болып, жолаушылардың есебі дәл жүргізіледі. Тасымлдаушылардың кіріс бөлігі - 3, бюджетке салықтық түсім - 5, жұмыс орны 4 есеге өсті. Электронды төлемдер үлесі 40-тан 97 пайызға жетті.
Автобус паркін жаңарту жақсарып келеді, 2022 жылы 79, биыл 37 жаңа автобус сатып алынды. Субсидия көлемі 2017 жылғы 34 млн теңгеден биыл 5,3 млрд теңгеге жетті. Дегенмен, бұл тасымалдаушылар шығынын жаппайды. Мысалы, олар өткен жылы 5,9 млрд теңге жұмсаса, қарастырылған субсидия көлемі 3,9 млрд теңге болды. Яғни, 2,04 млрд теңге төленбей қалды. Биыл 31 шілдеге дейін тасымалдаушылар 4,266 млрд теңгенің жұмыс көлемін атқарса, соған 2,560 млрд теңге субсидя төленді. Айырмашылық – 1,696 млрд теңге.
«Тапшылық мәселесін шешу үшін оңтайлы тариф – 150 теңге. Алайда, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, қала әкімдігі қолма-қол ақшасыз жолақы бағасын - 100, қолма-қол ақшамен 200 теңгеге көтеруді ұсынды. Бұл тасымалдаушыларға 859 млн теңге кіріс әкеледі. Қалған жетпейтін 2-2,2 млрд теңгені субсидия есебінде қала бюджетінен қарастыруға тура келеді. Сонымен қатар қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін жолаушылар қатары көбейтілді. Жаңа тариф енген кезде зейнеткерлер мен құлағы естімейтін мүгедектер де жолақыны 50 пайыз жеңілдікпен төлейтін болады», - деп хабарлады ведомстводан.