Саясат

Смайылов жер ресурстарын цифрландырудағы кемшіліктерді жоюды талап етті

Премьер-министр процесті тежейтіндердің жұмыстан шығарылатынын ескертті.

Үкіметте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына (ЖБМК) қатысты мәселелерді талқылады. Ол бос жер телімдерін жедел әрі ашық түрде бөлуді, сондай-ақ республиканың жер қоры туралы ақпаратқа азаматтардың толық қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған.

Жалпы, 1 шілде мен 28 қараша аралығында ЖБМК арқылы 1 млн-нан астам қызмет көрсетілді, оның ішінде 238 мың кадастрлық төлқұжат берілді. 25 млн-нан астам анықтама мен мәлімет қызмет алушылардан өтініш бермей-ақ алынды.

Талдау нәтижесінде әкімдіктер жүктеген цифрлық деректердің барлығы талапқа сай емес екені анықталды. Атап айтқанда, қолданыстағы бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕЖЖ) түзету енгізу қажет. Сонымен қатар платформада өтінімдерді уақтылы қарамау және негізсіз бас тарту фактілері анықталды.

Премьер-министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы түрде көрсету үшін барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жою керектігін атап өтті.

Үкімет басшысы аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Мәселен, табиғи монополистердің өтінімдерді уақтылы қарамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдар электрондық түрде қызмет көрсету шеңберінде шығыс құжаттарының нысандарын бекітуі, Сауда-саттықты өткізу қағидаларына және басқа да нормативтік-құқықтық құжаттарға қажетті өзгерістер енгізуі тиіс.

Премьер-министр Инвестициялық штаб шеңберінде әр өңірдегі жұмыс қадағаланатынын баса айтты.

Үкімет басшысы жер қатынастарын цифрландыру мәселесі инвестициялық ахуалға, сәйкесінше, жаңа бизнес жобаларды іске қосу мен жұмыс орындарын ашуға тікелей қатысты екенін айтты. Сондықтан цифрландырудың экономиканы одан әрі дамыту үшін маңызы зор.

Отырыста Су ресурстарын басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу мәселелері де қаралды. Аталған жүйеде қазіргі су қоймалары, суармалы жерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суды тұтыну көлемі және т.б. туралы мәліметтер болады. Сонымен қатар су ресурстарын алуға өтінімдер беру мүмкіндігі қарастырылған.

Премьер-министр платформаны 2024 жылдың бірінші тоқсаны соңына дейін пилоттық режимде іске қосуды, одан әрі қыркүйек айында коммерциялық пайдалануға енгізуді талап етті.