Тайқазан

Әкесі баласымен күніне тым болмағанда 30 минут сөйлесуі керек – «Әкелер одағының» басшысы

freepik.com

Бала тәрбиесіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – бала тілін таба білу.

Бүгінде бала тәрбиесі заманның өзекті мәселесіне айналды. «Бала құнарлы топырақ секілді. Құнарлы топыраққа не ексең, сол шығады» деген даналарымыз. Сол секілді балаға қандай бағыт көрсетсең, ол соған бейімделіп, бет алады. Бала тәрбиелеудегі басты қағида қандай? Отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлі қандай? Әкелер күнінің маңызы қандай? Turkystan.kz тілшісі осы және өзге сұрақтарға жауап алу үшін «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбетпен сұхбаттасып, ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой бөлісті.

Мақсұтбек Дүйсенбекұлы алдымен осыдан он шақты жыл бұрын құрылған  «Әкелер одағы» бірлестігінің басты мақсатына тоқталды.

«2012 жылы Астана қаласында «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі №59 мектептің жанынан «Әкелер кеңесі» болып құрылған болатын. Жұмысын кеңестен бастаған ұйым республикалық қоғамдық бірлестікке айналды. Қазір елімізде 12 филиалы бар одақтың негізгі мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын насихаттау. Одақ аясында бала тәрбиесін ту еткен дөңгелек үстел, кездесулер өтеді. Сонымен қатар «Әкелер форумы» ұйымдастырылады. Жылына бір рет өтетін тәрбиелік маңызы зор бұл іс-шарада отбасындағы әке рөлі сөз болады», – дейді М. Дүйсенбекұлы.

«Әкелер одағы» іске асырған бірқатар жоба бар. Оның бірі – «Саналы әке» жобасы.

«Саналы әке – балаларына жауапты азамат. Яғни, баланың денсаулығына, біліміне, тәрбиесіне, қоғамда орны бар азамат болып қалыптасуына жауапты адам. Саналы әке болу үшін көп еңбектену керек. Аталған жоба дәл осы бағытта жұмыс атқарып келеді», – дейді бірлестік төрағасы.

«Әке – асқар тау», «Әке – балаға сыншы» дейді халқымыз. Осыдан-ақ қай заман болмасын, бала тәрбиесіндегі әкені рөлі зор болғанын аңғаруға болады.

«Әке тәрбиесі – өте маңызды. Себебі әкенің бергенін ана бере алмайды. «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» деген нақыл сөз атам заманнан әкенің бала өміріндегі орны бөлек екенінің дәлелі. Бала бойындағы ер мінезді, отансүйгіштікті әке қалыптастырады. Отбасының тірегі де, жүрегі де – ер адам. Сондықтан азаматтар өзінің баласына, әйеліне, отбасына деген жауапкершілікті мойнына ала білулері керек», – дейді М. Дүйсенбекұлы.

Оның айтуынша, бала тәрбиесіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – бала тілін таба білу.

«Қазір – ақпарат заманы. Телефонға телмірген жас бала мәліметтерді саралай алмайды. Сондықтан ата-ана балаға көңіл бөліп, ақ-қараны тануда, ара жігін ажыратуда көмек көрсету керек. Смартфон ұстаған балаға қазір әлеуметтік желідегі видео мен кинолар қызық. Ата-ана осы «бәсекелестікті» жеңе білуі қажет. Бала тілін таба білу оңай емес. Мұның бір жолы – эмпатия. Әке мен ана балаға деген сүйіспеншілікті арттырып, махаббатты дұрыс сыйлай білуді үйренген абзал. Сонда ғана бала үлкен әлемде, ақпарттық кеңістікте өзінің қауапсіз сезінеді», – дейді ол.

Биыл 1 маусымда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен мерекелік күндер тізімі «Аналар күні» және «Әкелер күнімен» толықты. М. Айтмағанбеттің пікірінше, әлдебіреулер мұны шетелге еліктеу деп қабылдаса да, аталған мерекенің берер әсері мол.

«Қазақстан күнтізбесінде «Әкелер күні» мен «Аналар күнінің» пайда болуына біздің ұйымның үлкен үлесі бар. Біз 3-4 жыл бойы осы күндер мереке болып бекітілуге тиіс деп ұсыныс білдіріп келдік. Былтыр VII республикалық әкелер форумында бұл ұсынысты тағы да жариялап, кейін министрлік қолдап, мереке пайда болды. Мұны біреулер басқа елге еліктеушілік деп қабылдар. Бірақ осылай еліктесек несі жаман? Сонымен қатар бұл мерекелер қоғамға жағымды әсер сыйлайды деп ойлаймын. Мереке сайын әке мен ананың мерейін үстем етсе, отбасы институтын дамытуға септігін тигізсе, неге атап өтпеске? Бұл атаулы күндер тек батыс мемлекеттерде ғана емес, Азияда, оның ішінде өзімізге бауыр Түркия елінде де бар. Мәселе тек тойлауда ғана емес. Өскелең ұрпақ жыл сайын бұл күні үлкенге құрмет көрсетіп, ата-анасына ерекше көңіл бөлсе деген ниет», – дейді М.Дүйсенбекұлы.

Сұхбат соңында ол жас әкелерге кеңес айтты.

«Жас әкелерден бұрын бозбалаларға ақылымды айтар едім. Жас жігіттер отбасын құрған кезде тек ер жігіт, күйеу емес, болашақта әке болатынын түсініп, дайындалғаны жөн. Тәрбиені алдымен өзімізден бастау керек. Ісімізге, жүріс-тұрысымызға мән беру керек. Яғни, жақсы әке болу үшін – жақсы азамат болу қажет. Жігіт саналы түрде шаңырақ көтерсе, саналы түрде өмірге ұрпақ алып келсе, баласы бетке ұстар азамат болары анық.

Ал жас әкелерге бала тәрбиесімен уақытында айналысып, отбасына көңіл бөлуге кеңес беремін. Шынымен, баласына көп көңіл бөлген ата-ана бақытты деп ойлаймын. Әкесі баласымен күніне тым болмағанда 30 минут сөйлесуі керек. Осылай жиі сөйлесіп тұрса, бұл болашақта жақсы нәтижеге алып келеді. Бір қуантарлығы, қазір бала тәрбиесіне араласатын әкелердің қатары көбейген. Бұған дәлел – балаларын спортқа баулап, әр-түрлі секцияларға бірге келетін әкелердің көбеюі», – дейді ол.