Жаңалықтар

Шымкент тұрғыны ұлын жұмысқа орналастыру үшін алаяққа 2,5 млн теңге берген

Zakon.kz

Тәртіп сақшылары 41 жастағы күдіктіні анықтап, Полиция басқармасына жеткізді.

Ұлын жұмысқа орналастырмақ болған Шымкент тұрғыны 2,5 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, Тұран аудандық полиция басқармасына қала тұрғыны алаяқтық туралы арызбен жүгінді.

Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс ер адам өзінің байланыстары арқылы оның ұлын қалалық әуежайдың қауіпсіздік бөліміне жұмысқа орналастыруға уәде берген.

«Ол осы қызметі үшін әйелден 2,5 миллион теңге алып, «ізін суытқан». Аталған жайт бойынша Тұран АПБ-ның анықтаушылары Қылмыстық кодекстің 190-бабымен тергеу амалдарын бастады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары 41 жастағы күдіктіні анықтап, Полиция басқармасына жеткізді», – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда полицейлер барлық айғақтарды жинап, қылмыстық істі айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.