Жаңалықтар

Астанада 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды

Жаппай вакцинация қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Астанада 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүргізілуде, деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

6 қараша күні 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай қосымша вакцинациялау басталды. Оларға желтоқсан айынан бастап, 2-4 жас аралығындағы балалар қосылды. Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханаларда тегін алуға болады. Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вакцинация туралы айтып берді.

Елордада 6 желтоқсан күні барлығы 16 447 адам вакцинацияланды. Жаппай вакцинация қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті санитарлық дәрігер.

Санитарлық дәрігер аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда дереу дәрігерлердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеді.

Оларға мыналар жатады: температураның 38-40°C дейін көтерілуі; бас ауруы; әлсіздік; тәбеттің төмендеуі; конъюнктивит, ринит, жарыққа қарай алмау; құрғақ, ауыр жөтел; дауыстың қарлығуы; қызылша энантемасы – таңдайдағы жұмсақ және қатты үлкен қызыл дақтар, аурудың шамамен 3-4 күнінен кейін денеге түсетін бөртпе.