Саясат

"50% акциясы Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясының иелігінде": Улы зат бөлетін зауыттан бірнеше ауыл зардап шегіп отыр

сурет: parlam.kz

Тұрғындардың айтуынша, елді мекендерде қатерлі ісік ауруы жиілеп кеткен.

Депутат Данабек Исабеков Шымкент қаласында орналасқан Шымкент мұнай өңдеу зауытының («ПетроКазахстан Ойл продактс» ЖШС) халыққа тигізіп отырған экологиялық залалы туралы Энергетика министрі А.Сәтқалиевке, Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаевқа, «Самұрық-Қазына» Басқарма төрағасы Н.Жақыповқа сауал жолдады.

Өздеріңізге белгілі, Шымкент мұнай өңдеу зауыты еліміздегі ең ірі үш мұнай өңдеу зауытының бірі және жылдық қуаттылығы 6 млн тонна болады. Қазақстан Республикасы Премьер-министрі А.Смайыловтың Шымкент қаласына іссапары барысында айтылғандай, зауыттың жылдық қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, зауыттың 50% акциясына Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясы иелік етеді. Яғни, зауыт халықаралық компания әрі жоғары бақылаудағы жоба екенін белгілі. Тұрғындардың айтуы бойынша, зауыт тарапынан Экологиялық заңнама талаптары сақталмай, түнде, шамамен 02:00-04:00 аралығында улы заттар бөлінеді, сол маңда тұратын менің сайлаушыларым, атап айтқанда, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Қарабастау (8932 тұрғын), Қаратөбе (8756 тұрғын),  Бадам (3562 тұрғын), Жалын (3474 тұрғын), Жұлдыз (2758 тұрғын) ауылдарының 27 482 тұрғыны зауыттан шыққан иіске уланып, жаз уақытында үйлерінің терезесін аша алмай отырғанын бірнеше рет көтерген болатын, – дейді депутат.

Сонымен қатар, тұрғындардың айтуынша, елді мекендерде қатерлі ісік ауруы жиілеп кеткен.

Бұл мәселе бойынша тұрғындар жергілікті билік өкілдерімен бірнеше рет кездескен. Мәселе шешімін таппаған, тіпті тиісінше қаралмаған. Осы тұрғындардың жан-айқайы қайта-қайта әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында айтылуда. Партияның сайлауалды бағдарламасының өзекті басымдығы ретінде ауаны ластап отырған өнеркәсіптердің теріс істерімен күресетінімізді әрбір сайлаушыға жеткізген болатынбыз. Осы уәдемізді орындау – халықтың аманатын арқалау – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әр азамат лайықты өмір сүруге құқылы! Сондықтан жоғарыда аталған елді мекендер тұрғындарының орынды талап-тілектерін Сіздерге жеткізіп отырмын, – деді Данабек Исабеков.

Депутат мәселені шешудің мынадай тетіктерін ұсынды:

Зауытқа халықаралық стандарттар негізінде соңғы үлгідегі сүзгілер мен қондырғылар орнату және кешенді табиғатты қорғау іс-шаралары бағдарламасын енгізу, осы арқылы Зауыттың аталған елді мекендердің, тіпті Шымкент қаласының экологиясына кері әсерін барынша төмендету, оның ішінде ШРК (шекті рауалы концентрация) асырмау және К-5 экологиялық стандарты бойынша мұнай өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету; Аталған елді мекендердің көрнекі орындарына ауа құрамының тазалығын көрсетіп тұратын өлшеу құралдарын орнату, сол арқылы тұрғындардың таза ауамен демалып отырғанына көз жеткізуін қамтамасыз ету; Аталған кәсіпорынға, жергілікті экобелсенділерді тартып, тұрғындармен бірлесіп қоғамдық бақылауды ұйымдастырып, қоғамдық бақылау туралы заңына сәйкес және экологиялық заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу, нәтижесін тұрғындарға хабарлау. Зауыт тарапынан Экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактілері расталған жағдайда аталған елді мекендері тұрғындарына экологиялық өтемақы төлеу мәселесін қарастыру.