Жаңалықтар

Астанада травматологиялық пункттердің жұмысы күшейтілді

Астана әкімдігі

Жарақат алған жағдайда бірден медициналық көмек көрсету пункттеріне жүгіну қажет.

Астанада ауа райының нашарлауына байланысты (жауын, көктайғақ) травматологиялық пункт қызметі күшейтілген режимге көшті, деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы елорда тұрғындарын мүмкіндігінше мұқият болуға, жазатайым жағдайға тап болмас үшін ыңғайлы, жалпақ аяқ киім киюге кеңес берді. Жарақат алған жағдайда бірден медициналық көмек көрсету пункттеріне жүгіну қажет.

Сонымен қатар, әсіресе, балалар мен зейнет жасындағы тұрғындарға шұғыл қажеттілік болмаған жағдайда, үйден шықпауы қажет.

«Травматологиялық пункт дәрігерлері аурухананың барлық бөлімшелерінің қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Айта кетейік, бүгінде №4, 5, 6, 7, 9 10 қалалық емханаларында сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін шұғыл 4-санаттағы балаларға арналған медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем бөлімшелері жұмыс істейді», – делінген хабарламада.

9 қараша күні №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жанындағы негізгі травматологиялық пунктке түсетін жүктемені азайту мақсатында және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін қосымша травматологиялық пункт ашылған болатын. Ол №2 қалалық емхана базасында Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының балаларына медициналық көмек көрсетеді.

Айта кетейік, Астанада көктайғақты болдырмас үшін жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасы себіледі.

Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.