Жаңалықтар

Өскеменде бірегей кітап орталығы ашылды

«Кітап-AMANAT» жобасы — «Ауыл Аманаты», «Жер Аманаты» сияқты партия қолға алған аса маңызды ұлттық жоба.

«Кітап-AMANAT» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында алағаш рет кітап орталығы ашылды. Орталықты ашудағы басты мақсат –отандық әдебиеті қолдай отырып, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсету.

Орталықтың салтанатты ашылуына «Кітап-AMANAT» жобасының жанашыры, ақын, Мәдениет қайраткері, «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмас Ахметбекұлы, ШҚО-ның қоғам қайраткерлері, жазушылар, зиялы қауымы өкілдері, танымал заңгер мамандар мен құқықтанушылар қатысты.

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жұмаділова Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беретінін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен «Ұлттық құрылтайда» кітап өндірісіне, кітап нәсихатына назар аударуды 24 сағат ашық тұратын кітапхана болуын атап өткен болатын. Осы орайда  Президент тапсырмасын орындауға, бірден-бір қолдау көрсететін, алға қойған  мақсаттарға жетуге кепілдік беретін ең үлкен саяси ұйым – «AMANAT» партиясы  «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып өңірлерден кітап орталықтарын ашып жатыр. Бүгін осындай орталық біздің өңірімізде ашылып отыр», – деді Сайрангул Жұмаділова. 

Аталған орталықта кез-келген қала тұрғынының кітап оқуына мүмкіндік бар. Алдағы уақытта аймақтық зиялы қауым өкілдерімен осы орталықта кездесуге мүмкіндік беретін түрлі іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

«Мұндай кітап орталығы бұрын-соңды өңірлерде болған жоқ. Партияның руханиятқа көңіл бөліп, оқырманға барынша жағдай жасауы – қуантарлық дүние. Орталықта қазіргі танымал авторлардың да, бұрынғы  классик жазушылардыңда еңбектері бар. Дәстүрлі кітапхана ол бөлек, ал мынандай заманауи орталық мүлде басқа», – дейді «Кітап-AMANAT» жобасының жанашыры, ақын, Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы.

«Кітап-AMANAT» жобасы — «Ауыл Аманаты», «Жер Аманаты» сияқты партия қолға алған аса маңызды ұлттық жоба. «Ауыл Аманаты» мен «Жер Аманаты» экономикалық салаға бағытталса, «Кітап- AMANAT» халықтың рухани қуатын жетілдіруді көздейді.