Кеше Өзбекстан астанасы - Ташкент төрінде «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. «Туркистон» өнер сарайындағы концерттік шарада жастар сүйіп тыңдайтын қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті әншілер өнер көрсетті.
Концерттің басты мақсаты – ағайынды екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, қандастарымызға, соның ішінде жас буын өкілдеріне ұлттық руханиятты дәріптеу.
Кеш қонақтары Мархаба Сәби мен Yenlik ерекше репертуарымен көрермендерді таңғалдырса, бірнеше халықаралық байқаудың жүлдегері Madistation мен Мұса Марат талантымен талайды тамсандырды. Сонымен қатар, 300-ден аса композицияның авторлары, ағайынды Ғаламат пен Нұрәли Бейсеқожа кеш қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.
Еске сала кетейік, бұл – «Отандастар қорының» шеттегі қазақтар үшін биыл ұйымдастырған 8-концерті. Бұдан бұрын Германияның Кельн қаласы, Моңғолияның Баян-өлгей, Қобда және Ресей Федерациясында Мәскеу, Қосағаш, Барнауыл секілді бірнеше қалада концерттер ұйымдастырылған болатын.