Астанада «Елорданың дамуындағы әйелдердің рөлі» атты форум өтті
Елорданың дамуындағы әйелдердің рөлі
Бүгін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Елорданың дамуындағы әйелдердің рөлі» атты форумы өтті.
Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы білім және денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі Кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қалалық мәслихатының Төрағасы Ерлан Каналимов, «Право» қоғамдық қорының басшысы Ольга Рыль, Астана қаласы әкімдігінің «Технологиялық колледжінің» директоры Ләззат Разбекова, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кардиолог дәрігері Гүлжайна Абильдинова, қолөнерші, этнодизайнер, әлеуметтік кәсіпкер мен инноватор Мадина Қуандыққызы, «АMANAT» партиясы жанындағы Астана қалалық филиалы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Кеңесінің төрайымы, мәслихат депутаты Салтанат Женалаева және қаламыздағы саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. салаларда табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер қауымы қатысты.
Әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі күн сайын артып келеді. Әйелдердің құқықтары мен мүдделерінің қауіпсіздігі жан-жақты қорғалуын қамтамасыз ету өте маңызды. Өйткені әйел тұлғасының сауатты дамуын қалыптастыру – отбасы мен мемлекеттің әл-ауқатының жетістігі. Бүгін осы мақсатта, яғни әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында Әйелдер қанаты құрылды. Жиында Әйелдер қанатының мақсаты мен міндеттері баяндалып, Төрайымы болып мәслихат депутаты Салтанат Женалаева бекітілді. Сондықтан да бұл шараның да маңызы жоғары. Оны «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов өз сөзінде айтып өтті.
«Бүгінгі шараның маңызы зор, себебі партияның елордалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысын бастау. Әйелдер қанатының құрылуы өте өзекті және уақытылы, өйткені әйелдердің қоғамдағы рөлі күн сайын артып келеді. Қазіргі таңда әйелдер қауымы тұрмысымыздың барлық саласында табысты қызмет атқарып келеді. Астана қаласындағы отыз алты мыңнан астам партия мүшесінің 63 пайызын да әйелдер қауымы құрап отыр. (262 БПҰ – 91 әйелдер қауымы басқарып отыр) Филиалымыздың партиялық іс-шараларының басы-қасында күш-қуаты мол, өмірлік әлеуеті мол, мақсатты әйелдердің көп болғанын қалаймыз!» – деді ол.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы білім және денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі Кеңестің Төрайымы Жұлдыз Сүлейменова Әйелдер қанатының атқаратын жұмыстарына тоқтала отырып, негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
«Әйелдер қанаты 10 басым бағыттың аясында жұмысын жүзеге асырады. Бірінші бағыт – бұл әйелдердін саяси көсбасшылығын қолдау. Екінші бағыт – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу. Үшінші бағыт – мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету. Төртінші бағыт – қоғамның әл ауқатын қолдау мақсатында психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу. Бесінші бағыт – еңбекті қорғау және жұмыстағы әйелдердің қауіпсіздігін сақтау. Алтыншы бағыт – ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу. Жетінші бағыт – әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау. Сегізінші бағыт – заң жобаларына белгілі сараптаманы ұйымдастыру. Тоғызыншы бағыт – әйелдердің қаржылық сауаттылығын және гендерлік бюджетті қалыптастыруға көмектесу және оныншы бағыт – ғылымдағы әйелдерді қолдау. Міне, осы он бағыт аясында әйелдер қанаты өз жұмысын үйлестіретін болады», – деді.
Астана қалалық мәслихатының Төрағасы Ерлан Каналимов өз сөзінде бүгінде саясатта да әйел қауымының саны артқанын айтып, партияға да күш-қуаты мол, белсенді әйел қауымы қажет екенін тілге тиек етті. Сонымен бірге мемлекеттің де әйелдерді қолдайтынын жеткізді.
«Біз әрбір әйелдің еңбегі мен арманына құрметпен қараймыз. Сіздердің бастамаларыңызды қолдауға әрқашан дайынбыз. Сайлаудың партиялық тізімдерінде әйелдерге арналған міндетті орын бар екені барлықтарыңызға белгілі. Бүгінде «AMANAT» мүшелерінің 60 пайызы әйелдер, партиялық тізімнің 30 пайызын аруларымыз құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та «Озық ел – әйелдің қоғамдағы мәртебесімен көрсетеді» деп, талай мәрте айтып өтті. Осы орайда мемлекет ана мен баланы қолдауға, гендерлік саясат мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр», – деді ол.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен де статистика бойынша елордамыздағы әйелдердің белсенділігінің басым екенін және қызмет бабында да мол табысқа жетіп жатқандығын атап өтті.
«Елордада адам санының 52,2 пайызы әйелдер. Жергілікті атқарушы органда, яғни әкімдікте 50 пайыз әйелдер қызмет атқарады. Оның ішінде басшылық қызметте жұмыс істейтін әйелдердің пайыздық көрсеткіші 37 пайыз. Жыл сайын 10 пайыз өсу сатысында. Елордамыздың мемлекеттік органдарында әйел басшылары қызмет етеді, мәслихатта да әйелдер санын білесіздер. Және гендерлік теңдікке келетін болсақ, қала әкімдігінде қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді.
Сондай-ақ жиында заманауи гендерлік саясат, қоғамдық-саяси өмірдегі әйелдердің рөлі, әйел денсаулығы, әйелдер мен балаларды қорғау құқығын кеңейту және тағы басқа тақырыптар қамтылып, келген көрерменмен пікір алмасу орнады.