Қоғам

Туысының дауысын салып хабарласады: Ұлттық банк алаяқтар жаңа әдіске көшкенін ескертті

Фото: ortalyq.kz

Алаяқтар кез келген адамның жақын туыстары мен таныстары туралы ашық дереккөздерден алдын ала ақпарат жинайды.

Қазақстан Ұлттық Банкі жасанды интеллектті пайдалана отырып жасалатын телефон алаяқтығының жиілеп кеткені туралы ескертті, деп хабарлады turkystan.kz.

Алаяқтар кез келген адамның жақын туыстары мен таныстары туралы ашық дереккөздерден алдын ала ақпарат жинайды. Бұл дереккөздер – әлеуметтік желілер, қорғалмаған дерекқорлар мен интернетте орналастырылған дербес мәліметтер. Бұдан әрі олар дауыстық деректердің жазбасын жасау үшін белгісіз немесе анонимді телефон нөмірлерінен қоңырау шалады.

Қаскөйлер алынған дауыстық жазбалар мен жасанды интеллект көмегімен өңделген бағдарламаларды пайдалана отырып, дербес деректерді немесе ақшалай қаражатты алу мақсатында өздерін алаяқтық құрбаны болатын адамның туыстары немесе жақындары ретінде таныстырады.

«Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған кезде қырағылық танытуға, өздерінің дербес деректерін ашпауға, мобильді қосымшаларды орнатпауға, мобильді телефонға қашықтан кіру рұқсатын бермеуге және телефон арқылы сөйлесу барысында алынған нұсқаулар бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына ақшалай қаражатты аудармауға шақырады. Егер Сіз немесе Сіздің таныстарыңыз алаяқтық схемаларына тап болса, алаяқтық фактісі бойынша іс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуді ұсынамыз. Консультациялар алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына хабарласуға болады», - делінген банк хабарламасында.