Қоғам

Алматы облысында аш күйінде табылған 6 жасар баланың қазіргі жағдайы белгілі болды

Фото: massaget.kz

Алматы облысының әкімі үйінен аш күйінде табылған баланың қазіргі жағдайын айтты.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданында бірнеше күн нәр тартпай, аш күйінде табылған 6 жасар баланың қазіргі жағдайын айтты, деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы мен жергілікті полиция «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» акциясы аясында Іле ауданында үйінде аш жатқан 6 жасар баланы тапты. Оның сөйлеуге, жүруге шамасы болмаған. Дәрігерлер балаға пневмония диагнозын қойып, ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.

Алматы облысының әкімі үйінен аш күйінде табылған баланың қазіргі жағдайын айтты.

«Ол 3 жасына дейін қарапайым балалар сияқты дамыған. Бірақ кейін баланың ақыл-есінің дамуы тежелген. Қазір ол емделіп жатыр. Әрине, тұрған жері өте нашар: үйінің ұйқы-тұйқысы шыққан, ол жерде мысық қаптап жүр және жағымсыз иіс жайлаған. Анасы баласына қарамаған. Бала бейтаныс адамдардан ғана емес, анасынан да қорқады. Қазір баланы дәрігерлер мен психологтар қарап жатыр», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Алматы облысында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» акциясы аясында 51 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде баласына қамқор болмайтын, дұрыс тәрбиелемейтін жауапсыз ата-аналарды балаларынан айырып (15 бала), сотқа ата-ана құқығын шектеу туралы 7 шағым жолданды.