Жаңалықтар

Ақтөбеде әйелдер форумы өтті

Оған 200-ге жуық әйел қатысты.

Ақтөбеде елдің қоғамдық және әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдің рөлі талқыланды. Ауқымды форум «AMANAT» партиясының облыстық филиалында өтті. Оған 200-ге жуық әйел қатысты.

Бүгінде облыстағы әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Мәселен, өңірдегі 936 мың халықтың 51 пайызын әйелдер құрайды. Қыз-келіншектердің көпшілігі білім берумен айналысады. Әйелдер мұғалімдердің, тәрбиешілердің және білім саласының басқа да өкілдерінің жалпы санының 70 пайыздан астамын құрайды.

«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың айтуынша, облыстық мәслихатта 34 депутаттың 9-ы әйелдер. Ал облыстың барлық деңгейдегі мәслихаттарында 205 мандат болса, оның 24 пайызы нәзікжандылар.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова әйелдер қанаты туралы толығырақ айтып берді.

Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева өз сөзінде небәрі әлемнің 10 елінде әйел мемлекет басшысы, 13 елде үкімет басшысы лаузымында қызмет атқаратынын атап өтті. Ол әйелдердің саясатқа қатысуы үшін жағдай жасауды ұсынды.

Жиналғандар сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханованың, «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы, Тәңірберген ауылдық округінің Саржансай ауылының тұрғыны Шолпан Махамбетованың және басқа да қатысушылардың сөздерін тыңдады.