Жаңалықтар

Желтоқсан айында ауа райы қандай болады?

Media.publika.md

Биыл Қазақстанда қыс біртіндеп өз құзырына енеді.

«Қазгидромет» РМК желтоқсан айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.

Синоптиктердің болжамынша, биыл Қазақстанда қыс біртіндеп өз құзырына енеді.

Желтоқсанда республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады: еліміздің солтүстігінде қар жауып, боран соғады. Ал оңтүстік өңірлерде жауын-шашын болады. Республика бойынша тұман, көктайғақ, желдің 15-28 м/с дейін күшеюі күтілуде.

Айдың басында Қазақстанның солтүстік-батысында және солтүстігінде соққан желдің екпіні 30 м/с дейін жетеді деп болжануда.

«Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында арктикалық суық ауа массаларының ығысуымен бүкіл елде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді», – делінген хабарламада.

Елдің батысында түнде -10-20°C, күндіз -3-13°C; солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста және орталықта түнде -20-30°C, күндіз -10-20°C; республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде  -10-20°С, күндіз -2-10°С болады.

Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде циклондардың әсерінен қарқынды жылу толқындары күтілуде.

«Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -5-10°С дейін, күндіз 0,-5°С дейін жоғарылайды. Оңтүстік жартысында түнде -3+3°С дейін, күндіз +5+13°С дейін жылы болады», – делінген хабарламада.

Алайда жекелеген күндері солтүстік-батыстан енетін суық антициклондардың әсерінен температураның төмендеуі болжануда.

«Қазақстанның солтүстік жартысында түнде -20-30°С дейін, күндіз -8-15°С дейін, Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -10-17°С дейін, күндіз -3-10°С дейін ауа температурасы төмендейді», – делінген хабарламада.

Жалпы болжам бойынша желтоқсан айында ел аумағындағы ауаның орташа температурасы нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде.