Аты-жөніміз туралы арнайы заң қажет
Діні, ділі, қаны қазақ бола тұра «Эсма, Мафтуна, Мирада, Диямара, Даниза, Мелек, Ардаби, Хадия, Манзура, Айлин, Мирель, Хайраддин, Аделина, Согдиана, Альфия, Артур, Иран, Ирада, Миранда, Эмили, Динар» – деген бір естігенде қазақ тіліндегі мағынасы түсініксіз есімдерді иемденіп жүргендердің қарасы көп. Сәні мен мәні келіспейтін есімдерге кімді кінәлаймыз?
Ұлттың ұлт екенін айқындап тұратын негізгі үлкен белгілері болады. Ол – тілі, мәдениеті, тарихы дегендей ірі қабаттардан тұрады. Осы мәдени қабаттың бір бөлшегі – ұлтты басқаларға айшықтап, танытатын оның аты-жөні, есімдері. Дәл осы тақырып жайында бір мақала жазбаққа ниеттеніп жүргенімізде әлеуметтік желіде ұлттық аты-жөнге қатысты салмақты пікір жарияланды. Пікір иесі – елімізге танымал ғалым, «Қазақ газеттері» деген үлкен медиа ұйының басшысы, академик Дихан Қамзабекұлы. Осы тақырыптың өзекті болғаны сонша дәл сол сәтте 200-ден астам адам ғалым жазбасын бөлісіп, өздерінің пікірлерін жазды. Осы орайда біз де өзекті мәселе жөнінде талдау жасап көрмекке ниеттендік.
Халқымыз ерте кезден-ақ балаға ат қоярда болашағы жарқын, тағдыры тамаша болсын деген ниетпен жақсылыққа балап, мағыналы, жарасымды әрі естігенде де құлаққа жағымды болуын басты назарда ұстаған. Өйткені қойылған әр есімде ата-ананың ізгі үміті, болашаққа деген сенім, тартымдылық пен талғам байқалып тұрады. Соны ескере білген халқымыз балаға ат қоярда көркі келіссіз, басқалар келеке қыларлық сұрықсыз есімдерден аулақ болған. Өмір есігін шыр етіп ашқан періштедей жас сәбиге ойланбай ат қоюға ешкім асықпаған. Қазақ дәстүріне үңілсек, ат қою құрметі екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе. Әдетте, есімді отбасының үлкендері, қазыналы қарттар, елге елеулі, халыққа қалаулы кісілер ғана қойған. Ата-әжелеріміз қойған кез келген есімді алып қарайтын болсақ, қазақылық пен үйлесімділіктің ұшырасуы жауапкершіліктің салмағынан деп ойлаймыз. Қазір дәл осы әдемі салттан жаңылдық. Көп дүние жас ата-аналардың меншігіне тигендіктен, үлкендермен ақылдасу деген түсінік азайды. Бірақ, соңғы кезде хандарымыздың, сөз ұстаған шешендеріміздің, көреген көсемдеріміздің, найза ұстаған батырларымыздың, ұлтқа еңбегі сіңген тұлғаларымыздың құрметіне қойылып жатқан есімдердің көбейгенін айтпай кетуге де болмайды. Бұл – сан тараулы тарихқа, ұлтқа деген құрмет әрі бала санасын есіміне лайық болуға тәрбиелеу деп түсінуге болады. Сондай есімдердің қатарында: Кенесары, Хақназар, Абылай, Керей, Жәнібек, Тәуекел, Қасым, Махамбет, Алпамыс, Бейбарыс, Абай, Бауыржан, Жамбыл, Әміре, Рақымжан, Әлихан, Ахмет, Айғаным, Зере, Ұлжан, Тұмар деген секілді өміршең аттар бар. Бұл есімдерді ескіліктің нышаны санамай балаларына қойып жатқан ата-аналар алғысқа әбден лайық.
Кірме есімдер неге көбейді?
Ұлттық статистика бюросының соңғы жылғы дерегі бойынша ұл балаларға жиі қойылатын есімдер қатарына «Әлихан, Омар, Амир, Айсұлтан, Алдияр» – деген есімдер кірсе, қыз балаларға «Медина, Айша, Айлин, Асылым, Сафия» – деген есімдер көп қойылыпты. Байқасаңыз, көбі арабша есімдер. Уақыт өте келе есімдер де жаңарып, қазақы салттан жаңылып барады. Мән-мағынасы қазақы болмысымызды көрсететін есімдерге қарағанда, өзге ұлттың ұнамсыз аттары көбеюде. Діні, ділі, қаны қазақ бола тұра «Эсма, Мафтуна, Мирада, Диямара, Даниза, Мелек, Ардаби, Хадия, Манзура, Айлин, Мирель, Хайраддин, Аделина, Согдиана, Альфия, Артур, Иран, Ирада, Миранда, Эмили, Динар» – деген бір естігенде қазақ тіліндегі мағынасы түсініксіз есімдерді иемденіп жүргендердің қарасы көп. Сәні мен мәні келіспейтін есімдерге кімді кінәлаймыз? Ата-ананың жауапкершілігіндегі бұл міндет балаға жүктелмейтіні даусыз. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде, тіпті өз есімдерінің мағынасын білмейтіндер мен заманауи етіп өзгерткісі келетіндер де бар екен. Кейбір ата-аналардың айтуынша, заманға сай ат қою дұрыс және шетелге шыққанда да өзге тілдерде жазуға әрі естуге оңай нұсқаны таңдауға тырысатын көрінеді. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлының келіні, қазақ дәстүрін насихаттаушы, жазушы Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кітабында былай дейді: «Қазіргі кезде қазақтың ат қоюы да өзінің ұлттық сипатын жоғалтып барады. Әрине, баласына қандай ат қойып, кім деп атауы керек, ол ата-ананың шаруасы, талғамға талас жоқ. Дейтұрғанмен, Диана, Тансу, Даяна, Айлин, Дамир, Сандия, Самир секілді қазаққа тән емес, мағынасы түсініксіз жеңіл-желпі атауларға тым әуестеніп кеттік», – дейді. Ал адам есімдері жайлы зерттеу жүргізіп, көлемді еңбек жазған ғалым Бекжан Әбдуәлиұлы осындай кірме есімдерге қатысты мынадай пікір білдірді: «Екі жақты қарайтын болсақ, біріншіден есімдер тұрақты емес. Үнемі адам есімдері жаңарып-жаңғырып әрі ескіріп отырады. Жеке өзім есімдерді екіге бөліп қарастырамын. Көркем және кездейсоқ есімдер. Кездейсоқ есімдер – кездейсоқ қойылып, ғұмыры ұзаққа бармайды. Көркем есімдер – ғасырлар бойы қалыптасып, сақталып келе жатқан қазақ есімдерінің ұлттық үлгілері, өзегі. Сол өзек аман тұрса, біз де аманбыз. Өзекке құрт түсуі де мүмкін. Ал қазіргідей кірме есімдердің саны көп болып, қоғамдық сана оны жатсынбай, өзімдікі деп санап тұрса, бұл қауіпті құбылыс. Есімдердің сырттан кіруі деген мәселеге келетін болсақ, ол қоғамдағы түрлі өзгерістерге байланысты. Экономикалық, саяси, діни жағынан қандай да бір мәселе өзекті болып алға шықса, ол есімдердің құрамында көрініс беруі мүмкін. Сол кезде кірме есімдер көбейеді. Қазіргі есімдеріміздің көп бөлігі араб-парсы тілдерінен енген. Бір кездері шығыс үлгісіндегі қисса-дастандар біздің қазақ даласына тарады да, ондағы кейіпкерлердің есімдері де қойыла бастады. Қазақ даласына діннің таралуымен Құраннан алынған көптеген есім тілімізге енді. Бірақ, ол кездегі қойылған есімдердің ерекшелігі – қазақтың тілінің дыбыстық заңдарына сәйкес өзгеріспен енген болатын, оларды қазір араб тілінің элементі деп айту қиын. Өйткені көпшілігінің өзгеріп кеткені сонша, араб тіліндегі нұқаларымен салыстыру қиын. Бұл есімдер сөздік қорымызға қосылған байлық іспетті. Кірме есімдер біздің мәдениетімізге, дінімізге, тілімізге сәйкес келіп жатса ол қорқынышты емес. Ал қазір діни ағымдардың ұстанымы бойынша қойылып жатқан есімдердің түрі мен кескіні бөлек. Бүкіл әлемге шекара ашылып, тығыз байланыс орнағалы бері де түрлі мәдениеттердің элементтері біртіндеп келе бастады. Шетелдік киноларда тамаша сомдалған кейіпкерлер санамызды жаулап, кәріс-түрік сериалдары арқылы да біршама есім түрлерін қойып үлгердік. Бұл – тілімізге не болса сол кіріп шыға берсін деген әңгімені білдірмейді. Біздің тілімізге енген есімдер дәстүріміз бен мәдениетіміздің, тіліміздің шарттарына, заңдылықтарына сәйкес келуі тиіс, жеке адамдарға ұнағанымен, үйлесе алмағандары ұлт құндылығы бола алмайды. Сондықтан кірме есімдерге тосқауыл қою керек, алайда шекараға бағынбайтын ақпараттық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, бұл өте қиын мәселе. Мұны тоқтату үшін мәдениетімізді, руханиятымызды насихаттайтын БАҚ-та есімдерімізді бәсекеге қабілетті ететіндей жұмыс жүргізуіміз қажет», – дейді ғалым.
Қазақша есімдер тізімін жасақтасақ
Есімдердің ескерілмей қойылуы өз алдына бір бөлек мәселе. Дегенмен кімнің қандай есім қойып, қалай атауына шек қоя алмаймыз. Талғам мен таңдауға талас жоқ. Ал дұрыс жазылуына келгенде уәж айтуымыз орынды. Өйткені тегіміз арқылы тектілігіміз көрініп, есіміміз арқылы елдігіміз бен ұлттық ерекшелігіміз сезіліп тұруы тиіс. Мысалы Англия, Франция, Германия секілді дамыған мемлекеттерде адамға қоюға болмайтын есімдердің арнайы тізімі бар екен. Ұлттық және ұсынылатын есімдер тізімі деп бөліп қарастырады. Бізге де нормаланған осындай жүйе керек. Жоғарыда айтылған академик Дихан Қамзабекұлының жазбасында «Әлбетте, қазір ономастика, ономатика, ономатология саласының нысаны күрделеніп тұр. Еліктеу-солықтау әсерінен Ауропа есімдері есіктен де, тесіктен де жадағай еніп жатқаны мәлім. Кеңестік «-ов/-ева, -ович/-евна, -ин/-ина» жыры тағы да белгілі. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде реттеу үшін «Ұлттық аты-жөн туралы» заң ауадай қажет» – деп жазды. Дәл осы ұсыныс бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі. Сонау кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған сауатсыздықтың шектен шыққан үлгісінен құтылатын күн әлде- қашан келген сияқты. Қазақша есімдерді өзге тілдің емле-ережесіне бағынып жазу нағыз шектен шығу емей не?! АХАЖ бөлімдеріндегі салғырттық пен шала сауаттылық халықты әбден шаршатты. Бұл жерде көбінде қазақ есімдері грамматикалық қатемен толтырылады. Қалай болған күнде де мемлекеттік мекеме құжатты сол елдің мемлекеттік тілінде дұрыс толтыра алмаса, бұл өте үлкен сын. Сондықтан заман талабына сай жаңа технология мүмкіндігіне жүгініп, қазақша есімдердің ортақ тізімін жасақтаса. Сол бекітілген нұсқа бойынша есімдердің дұрыс нұсқасын таңдап құжат толтыру АХАЖ бөлімі мамандары үшін де қиын болмас еді. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері мұндай жаңашылдықта қол жеткізгелі қашан?! Жүргізілген сауалнама нәтижесінде қаншама қазақтың аты-жөні қате жазылғанын байқадық. Одан қалса әлі күнге дейін тегіміз орысшаланып дұрысталмай тұр. Оны біреу жөндесе, біреу елеусіз жүре береді. Бұл–халықтың да өз ата-тегінің алдындағы жауапкершілікке немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. Халық не үшін бір рет жазылған дүниені екінші рет жөндеп әбігерге түсуі керек деген де ой келеді. Бір жазғаннан-ақ сауатты, қазақша болмауы болашағымызды бұлыңғырлатады. Тіпті, зиялыларымыз бен қоғам қайраткерлердің өзі өз аты-жөнін қате ретінде алып жүр. Бұл– зиялымын деген қауымға мүлде сай келмейді. Тіл мамандарының да біле тұра ештеңе демей мәселеге селқос қарап, немқұрайлылық танытуы өкінішті. Енді бұл мәселеден шығудың жолы қандай? Қайтсек, күрмеуі қиын мәселенің шешімі табылмақ?!
Профессор Бекжан Әбдуәлиұлы бұл жөнінде былай ой тастайды:
«АХАЖ бөлімінде арнайы тіл маманы отырмаса да жаңа технология арқылы компьютерлік бағдарламамен кісі есімдерінің қалай дұрыс жазылуын көрсететін жүйе жасалуы керек. Есімдердің арнайы сөздігі ауадай қажет. Ақпарат кеңістігінде ат қою мәдениетіне қатысты материал көптеп жариялануға тиіс. Сауатты, ұлттық мүддеге сәйкес есімдерді қоюға үндейтін есімдердің сөздіктері жетіспейді. Бір сөзбен айтсақ, қазақ есімдері қазаққа қолжетімді болуға тиіс. Ол үшін жаңа технологиямен қамтамасыз етілуі шарт. Ресми түрде де, ат қою дәстүрінде де өткеніміздің озық үлгілерін ғана назарға алуға тиіспіз. Өз тарихымыздан өзіміз қашпаймыз, дегенмен қазақ тарихындағы қиын күндер халықтың наным-сеніміне де тым қарабайыр элементтер алып келгенін жасыруға болмайды. Осыдан келіп, не болса соны есім етіп берген кездеріміз бар. Баланы атадық екен деп ойсыз қойылған аттарды «қазақ есімі» деген қасиетті ұғымның ішіне кіргізе аламыз ба?! Балалардың «ұлттық иммунитетін» қалыптастыратын қазақ тілінде мультфильмдер, жаңа заманға лайықталған әдеби шығармалар аз. YouTubе-тағы көрсетілімдердің барлығы орысша, ағылшынша. Тілмен бірге сол ұлттың мәдениетін қоса қабылдайды. Дүниенің бейнесін басқа ұлттың тілінде көріп, біліп отырған бала қазақ есімдерін жатсынатыны анық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – дейміз ал мен «Ел болам десең, есіміңді түзе», – деп айтар едім. Есім – ұлттық құжат. Есімің қандай болса, сол ұлтқа бейім болып тұрасың. Сол үшін мектеп оқулығына да кісі есімдері, қазақтың жер-су аттары туралы тақырыптар енуі керек. Бала кішкентай күнінен санасына сіңіріп, «мынау менің ұлтымның аты, мынау менің атым» – деп махаббатпен қарайтын болады», – дейді.
Бұл мәселенің заңдық жолы қандай, ұлттық аты-жөн жайлы құқықтық құжат қабылдау мүмкін бе? Мәжіліс депутаты, кәсіби заңгер Үнзила Шапақ ханымға хабарласқанымызда, депутат былай деп жауап берді:
– Қазақстан Республикасының «Азаматтық кодексі» бар. Азаматтық кодекстің ішінде «Азаматтың есімі» деген арнайы бап бар. Онда: «Азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша – әкесiнiң атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен мiндеттер алады және оларды жүзеге асырады. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс», – деп беріледі.
Бұл жерде азаматтың тегі мен әкесінің атының жазылуы өзгеретін болса, құқық субъектісі өзгере ме, жоқ па деген сұрақтар туындайды. Жоқ, өзгермейді. Аты мен тегін алып жүргендегі құқықтық міндеттері өзгерусіз қалады. Ал негізгі тақырыпқа келетін болсақ, бұл мәселе халықтың ортасына түскеннен кейін талқыланып, қолдау тауып жататын болса құқықтық актілер туралы заңға негізделе отырып, заң жобасының дайындалу мүмкіндігі бар. Оған конституциялық субъекттердің барлығы, депутаттар да, Үкімет те бастама жасай алады.
Ат қоюға ата-бабамыз қалай қараған?
Адам есімі – әуелден өмірлік үлкен мәнге ие. Ат қою дәстүрі – барлық ұлтқа ортақ. Әр ұлт бала есімін тек өздеріне тән болмыс-бітіміне, ерекшеліктері мен өмір сүру салтына байланысты қояды. Соның нәтижесінде қазіргі күні әр ұлтқа тән есімдер жиынтығы қалыптасты. Себебі адамның аты тұтас ұлттың сипатын көрсетіп, құндылық ретінде қарастырылады. Оның ішінде есті есім қою – қазақ халқы үшін ежелден келе жатқан өнегелі дәстүр. Жаңа туған нәрестеге келісті, көркем есім қою халқымыз үшін абыройлы міндет, салмақты жауапкершілік. Мұндай маңызды сәтке бейжай қарамағандары соншалық, тіпті бір кісі немересіне есімдердің мағынасына аса мән бере отырып, 40 күн бойы өте әдемі ат іздеген екен. Бұл – ата-бабаларымыздың бала есіміне енжарлық танытпайтынына айқын дәлел. Халық батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы: «Адамға дүниеге келгенде берілетін есім оған өмір жолында бағыт сілтейтін жарық жұлдыз іспетті: өмір бойы жанында болатын алғашқы және қасиетті белгілердің бірі» – десе, тағы бір сөзінде «Адамның аты иттің кличкасы емес, атты абайлап қою керек. Неге десең, адам есімі мен болмысының тылсым байланысы бар екені күмәнсіз, бірақ сыры ашылмаған құпиясы көп», – дейді. Иә, адам есімі иесіне берілген жекеменшік қасиетті белгі. Себебі кісі есімі тұтас тағдырға әсер етеді деген түсінік бұрыннан бар. Балаға жақсы есім қоюда осы бір ішкі сенім ерекше ықпал етеді. Бірақ қазір мұны көбісі тек психологиялық сеніммен байланыстырады. Белгілі адамның құрметіне қойылған есімдер болса, сол адамның бойындағы қасиеттер немесе ұқсастықтар есім қойылған баланың бойынан табылады деген наным да бар. Тақырыпқа тұздық ретінде ел ішіндегі мына бір әңгімені де келтіре кетсек. «Абыз бидің батасын алмақ болып үш жігіт ел сыйлаған шешен қарияға келеді. Серікбай мен Жаманқұлдың сөзін тыңдап, оларға өзінше баға берген би үшінші жігітке қарап: – Шын асылдың көзінде жасын от болады деуші еді. Қарағым-ай, ныспыңды айтшы, – депті. Сонда әлгі жігіт: – Әкемнің аты – Аманбала, өзімнің есімім – Кәріпжан, – дей бергенде, Абыз би бармағын тістеп, тіксініп қалыпты. – Қап-ай! «Ат аспаннан, нұр пейіштен» деуші еді. Ой, пәле-ай, бекер болған екен. Әкең бұл атты бекер қойған ғой саған, – деп басын шайқайды. Абыз би отырып былай деп бата берген екен: Ырысын жауға бермес, Намысын дауға жібермес, Елдің ері, кісі танысам, сен боларсың, Бірақ, қарағым, түбі бір нәрседен кем боларсың! Кәріпжан қартайған кезінде: «Жаманға бұйырған көп жақсы аттың бірін әкем маған неғып қимады екен?» – деп налиды екен. Өйткені қара қылды қақ жарған әділ би өз кіндігінен перзент көре алмапты. Міне, осындай әңгімелерден де есім қоюдың маңызын, адамға әсерін жақсырақ түсінуге болады. Сондықтан сәбиге көркем, тағдырына кесірін тигізбейтін есім қою – ата-ана үшін өмірлік міндет саналады. Одан бөлек дінде де жақсы ат қою талап етілген. Пайғамбарымыз «Қиямет күні өз аттарыңыз және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар», – деген. Адам есімінің тағдырға әсері туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Бекжан Әбдуәлиұлы былай пікір білдірді: «Қазақ халқы бала есімін қоюға үлкен мән берген. Есім – ұлт пен ұрпақтың бейнесі. Ат қоюда, оны рәсімдеуде де өте сақ болу керек. Бала біреумен танысқанда өзінің есімін еркін айта алса, өзгелер оның есіміне сүйсіне қараса, бұл оған үлкен қуаныш сыйлайды. Егер мағынасы оғаш, үйлесімсіз, ұлттық мәдениетіне қайшы, намысына тиетіндей болса, ол өзін қолайсыз сезінеді, танысып тұрып еріксіз есімінің мағынасын түсіндіруге мәжбүр болу кімге қолайлы болсын? Өмірінде ол қанша адаммен танысатынын біз білмейміз ғой. «Кісі есімінің адамның өміріне әсері бар ма?», – деген сұрақтың осындай қарапайым жауабы бар. Бақыт деген не? – ол адамның көңілі марқайып, өзіне риза болатын сәттері. Есімі арқылы адамның көңілі жаситын болса, ол бір-екі рет қана емес, өмір бойына жалғасып жатса, ондай адамды бақытты деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, есім қоярда өмірге келіп жатқан кішкентай адамды ұмытып, ұлттық мүддені естен шығарып, өз сезімінің ырқында кететіндер арамызда әлі кездеседі. Екіншіден, жан-жақты ойланып, айналасымен ақылдасып, ата-баба дәстүрімен балаға ыңғайлы, мағынасы терең көркем есімдер қоятын отбасылар да жиі. Тату өмірге ойлы көзбен қарайтын ата-ананың ортасында, өнегелі отбасында өскен бала өзінің есімі арқылы барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Адамға қаратылып жақсы лебіз айтылғанда оның есімі көркем болса, лебіз де толықмәнді бола түсетіндей көрінеді», – дейді.
Демек, есім тағдырға әсер етсін, етпесін дұрыс ат қою адами борыш. Бастысы – ешқандай таңдау құқығы жоқ жаңа туған нәрестеге өмірлік есім қойып жатқанымызды ұмытпасақ екен. Одан кейінгі мәселе баланың есейетінін де ойлап, барлық уақыт кезеңіне сай атты таңдаған да дұрыс. Міне, есім қоюдың оңай еместігі осындай тұстардан көрінеді. Себебі бала дүниеге келді дегенді естігенде, қуанып одан бөлек абдырап қалатынымыз да сол. Қазақ – дәстүр мен ғұрыпқа, салт пен жоралғыға, тілге бай. Халқымыздың сан ғасырлық шығармашылық ізденісінен туған алтынға бергісіз мұралар жетерлік. Оның ішінде адам есімі – тілдік мұра. Әрбір дәстүрлі мирасымыз қалай қорғалатын болса, есімдерімізді де дәл солай қызғыштай қоруымыз керек. Көрінгеннің есімін баламызға өмірлік айдар қылып, насихаттау ақылға сыймайды. Қазір қамданбасақ, ұрпағымыз көзге көрінбейтін мәңгілік құлдық санада жетіледі. Құлдық сана – аты-жөнімізден көрініс табуы мүмкін. Сол үшін тез арада Әділет министрлігі мәселені қолға алып, ұлттық есімдер тізімін заңды құжат ретінде бекітуін талап етеміз. Әлихан Бөкейхан айтпақшы, «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды». Жоғарыда айтылған «Ұлттық аты-жөн туралы» заң қабылдайтын мезгіл әбден келді. Тәуелсіз жас мемелекет азаматтарына заты қазақ, аты басқа болған жараспайды. Қазақтың дарқан даласын басып, таза ауасын жұта тұра ұлт есімінен жеріну бүгінгі буын үшін үлкен сын. Еркін елдің ертеңі – еңселі есімінен бастау алады.
Дариға НЫСАНҚҰЛ