Жаңалықтар

70 жастағы атыраулық зейнеткер Tik Tok-ты табыс көзіне айналдырған

Ақ жаулықты әже күніне кем дегенде бір рет тікелей эфирге шығады.

70 жастағы зейнеткер Tik Tok аккаунтын ашып, оны табыс көзіне айналдырған. Оны іздесеңіз, «Batystyn azhesi» деген бүркеншік атпен таба аласыз, деп хабарлады turkystan.kz.

AtyrauPress сайтының мәліметінше, қазір оған 13 мыңнан астам адам жазылған және ресми түрде Tik Tok компаниясына жұмысқа тұрған.

Хадиша Аймұхамбетқызы өзінің көңіл-күйін көтеру үшін түрлі видео түсіріп, уақытын өз қалағандай өткізеді. Ол күн сайын тікелей эфирге шығады және өзіне жазылған достарымен әңгіме-дүкен құрады. Ал желі қолданушылары лайк басып, жақсы пікірлер жазады. Осындай белсенділігі үшін зейнеткерге Tik Tok компаниясы ақша төлейді.  

Ақ жаулықты әже күніне кем дегенде бір рет тікелей эфирге шығады. Тіпті жұмыс орнын да жабдықтап алған екен. Алғашында оған ұлы смартфонды қалай қолдану керек, эфирге қалай кіру керектігін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, үйреткен. Бүгінде әлеуметтік желіге өзі видео жүктеп, эфирге кіре алады.

Хадиша Аймұхамбетқызы әлеуметтік желіден қанша ақша табатынын құпия сақтауды жөн санады.