Жаңалықтар

Жетісу облысындағы филармонияға Дәнеш Рақышевтің есімі берілді

7-su.kz

Сондай-ақ халық әртісі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды.

Жетісу облыстық филармониясы енді Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Дәнеш Рақышевтің есімімен аталатын болды. Сондай-ақ Талдықорғандағы өнер саңлағы тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды.

Жетісулық жезтаңдай әнші Дәнеш Рақышев қазақ музыкасының қоржынына 150-ден астам Әсеттің әндерін, халық әндерін, басқа да халық композиторлары мен қырғыз әндерін, Қазақстан композиторларының және 100-ге жуық өз әнін асқан шеберлікпен орындап, қалдырды. 1986 жылы «Қазақ ССР-нің халық әртісі» жоғарғы атағына ие болған. Жетісуда Дәнеш Рақышевтің есімі әншілік-орындаушылық мектебін қалыптастырушы тұлға ретінде тарихта қалды. 1990 жылдары Талдықорғандағы қазақ мектеп-интернатында және Жетісу мемлекеттік университеті музыка факультетінде өз класын ашып, талапты балалар мен жастарды әншілікке баулыды. 

Жетісу облысының филармониясына Дәнеш Рақышевтің есімінің берілуіне орай халық әртісі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылып, «Жетісу дүлдүлі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Бұл мерейлі күн Жетісу жұртшылығының ғана емес, тұтас қазақ өнерінің қуанышы деп білемін. Қазақтың ән өнеріне үлкен үлес қосқан Дәнеш ағамыз тұрған қасиетті шаңыраққа жетісулықтар тақта орнатып отыр. Мен саңлақ әншіні ең алғаш рет өнер байқауында көрдім, онда байқауға қазылық етуге келді. Сол шақта таныстым, адамгершілігіне, талантына тәнті болдым. Бүгінде Дәнеш ағаның шәкірттері – өнерде өз орындарын тапқан белгілі әншілер. Дәнеш Рақышевтің есімі қазақ өнерімен бірге жасай береді», – деді Халық әртісі Рамазан Стамғазиев.