Келесі жылы ең төменгі зейнетақы 57 мың теңге болады
Ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңгені құрайды.
Президент «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойғаннан кейін зейнетақы мен ең төменгі жалақы өседі, деп хабарлады Turkystan.kz.
Заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, ең төменгі жалақы - 85 мың, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 мың теңге болады.
Ең төменгі зейнетақы 57 мың теңге болып бекітіледі. Айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгеге жетеді.
Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, келесі жылы бюджетке 20,2 трлн теңге кіріс кіреді деген болжам бар. Оның ішінде: салық - 15,8 трлн, салықтық емес түсімдер - 361 млрд теңге.
Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер - 2,8 млрд, трансферттер - 4,1 трлн теңге болуы тиіс. Ал бюджеттің шығыс бөлігі - 3,2 трлн теңгеге ұлғайып, 23,4 трлн теңгені құрауы мүмкін.