Қоғам

Алматы облысында тас жолда жүк көлігі өртенді

Фото: видеодан скриншот

Жүргізушіге полицейлер көмектесті.

Алматы облысында тас жолда жүк көлігі отқа оранды. Жүргізушіге полицейлер көмектесті, деп хабарлады  turkystan.kz.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 28 қараша күні Алматы-Өскемен тасжолының 24-шақырымында болған. Көліктің қозғалтқыш бөлігінен жалын шыққанын көрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері  жүк көлігінің жүргізушісіне дауыс шығару құрылғысы арқылы тоқтауын талап еткен.

Жүргізуші жалынды көргенде қатты таңғалған. Айтуынша, көліктің отқа оранғанын мүлдем байқамай, жүре берген.

Тәртіп сақшылары Дамир Тоқтамысов пен Сайын Азамат ер адамға өрт сөндіру құрылғысымен жалынды ауыздықтауға жәрдем беріп, көлікті техникалық қызмет көрсету стансасына жеткізуге көмектескен.

«Егер полиция қызметкерлері кездеспеген жағдайда бұл оқиғаның арты қайда әкеп соғарын білмеймін. Тәртіп сақшыларына алғысым шексіз», - деді жүргізуші.