Жаңалықтар

Шетел корпорацияларымен байланыс орнатқанда еліміздің мүддесі басты орында болуы керек – депутаттар

Сурет ашық дереккөзден алынды

«Қашағанды» игеріп жатқан «Норд Каспиан Оперейтинг Компани» Транснационалды компаниясы халқымызға тиесілі жер асты байлықтарынан қыруар пайда көріп, мемлекетіміздің экологиялық нормаларын өрескел бұзып отыр, – дейді «AMANAT» Фракциясы депутаттары.

Транснационалды корпорациялармен қарым-қатынас жасағанда еліміздің мүддесі басты орынға шығуы керек. «AMANAT» Фракциясы депутаттары Мәжілісте осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады.           

Сауалдың мәтінін назарларыңызға ұсынамыз  

Дүниедегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Капспийдегі «Қашағанды» игеріп жатқан «Норд Каспиан Оперейтинг Компани» Транснационалды компаниясы халқымызға тиесілі жер асты байлықтарынан қыруар пайда көріп, мемлекетіміздің экологиялық нормаларын өрескел бұзып отыр. Транснационалды корпорациялармен қарым-қатынас жасағанда Қазақстан мемлекеті Ұлттық Мүдде, халқымыздың әл-ауқаты мен денсаулығы басты назарда ұстауы тиіс! Мәселен, «Норд Каспианның» «Болашақ» зауыты маңында орналасқан көлемі 122,5 Га технологиялық қалдықтарды  жинақтаушы секциялары Атырау тұрғындарын улаушы айдынға айналды! «Болашақ»  зауытының санитарлық қорғау аймағы шегінде ауа сапасын бақылау станциялары тіркеген мәліметтерді естірту қорқынышты. 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі күкіртсутек бойынша рұқсат еткен шектен арту саны жылына 156 жағдайдан 1882 жағдайға дейін өсті. Бұл 12 еседен астам! 2016 жылдан бастап  «Қашаған» кен орнында көмірсутектерді игеру операциясы басталғаннан кейін Атырау қаласында онкология ауруларының өсуі 4 есеге, хромосомалары бұзылып генетикалық аурулармен туылған бала саны 5 есеге артты. 2020  жылы компания мемлекеттік «Технологиялық суларды тазарту құрылғысы» құрылысын бастап одан шыққан ластаушы заттарды, атап айтқанда қалқымалы заттар - 41,4 мг/л, дейін, метанолды - 3 мг/л өлшеміне дейін тазалауға міндеткерлік алды. Алайда биыл іске қосылған қондырғы бұл талаптарға мүлдем жете алмай отыр. Мәселен - метанолды тазалау міндеттемеден он есеге дейін төмен. Норд Каспиан Оперейтинг  құзырлы органдардың 2021-2022 жылдарға арналған атмосфералық ауа сапасын кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша қорытынды есепті ұсыну туралы ерекше нұсқаулығын орындамаған.  «AMANAT» Фракциясы инвесторлар Қазақстанда жұмыс атқарғанда,  Қазақстанның Ұлттық Мүдделері ең басты аспект болуы қажет деп есептейді. Сондықтан «Норд Каспиан Оперейтинг Компани»  компаниясының Қазақстанның экологиялық нормаларын орындау дәрежесін анықтау маңызды. Аталған компания жергілікті экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұру үшін жергілікті қауымдастықпен жұмыс дәрежесіне аудит жүргізу қажет. Бұл компанияға экологиялық талаптарды өздерінің елдеріндей сақтауға заңдық-нормативтік жағдай жасау маңызды. Халықтың денсаулығына келіп жатқан зиянға транснационалды алпауыт заманауй өтем төлеу мәселесін күн тәртібіне қою қажет.