Жаңалықтар

9,1 мың адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алды

arnapress.kz

2023 жылы жалпы 9000 грант беру жоспарланған болатын.

2023 жылдың басынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 102 грант, оның ішінде ауыл тұрғындарына 6 011 грант берілді, деп хабарлады turkystan.kz.

2023 жылы жалпы 9000 грант беру жоспарланған болатын.

«Мал шаруашылығына – 2 907, өсімдік шаруашылығына – 148, мүкәммал, еңбек құралдарын сатып алуға – 2 221, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 3 661, орын жайды жалға алуға – 165 қайтарымсыз гранттар берілді», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Алушылардың санаттары бөлінісінде көпбалалы отбасылардың мүшелеріне – 4 963, мүгедектігі бар адамдарға – 1 827, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 1 118, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 562, асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға – 421, қоныс аударушыларға – 181 және қандастарға – 30 грант берілді.

«Биыл гранттар алуға өтініштерді қабылдау 3 лек бойынша өткізілді. Үміткерлерден барлығы 66 мыңнан астам өтініш, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 39,9 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 11,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 8 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 3,5 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған адамдар қатарынан 2,6 мың адам, 702 қоныс аударушы және 217 қандас өтініш берді», – делінген хабарламада.

Өтінімдердің ең көп саны Түркістан облысының (14,9 мың), Шымкент қаласының (7,8 мың), Жамбыл (7,6 мың),  Қызылорда (7,5 мың) облыстарының және ең аз саны Ұлытау (136) және Қостанай (159) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.