Руханият

Абай университетінің студенттік театры кезекті қойылымын ұсынды

Қойылым сыбайлас жемқорлық мәселесіне назар аударуға арналған.

28 қарашада Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Абай университетінің «Үркер» студенттік театры «Алма!» қойылымын қойды.

Театр қойылымы сыбайлас жемқорлық мәселесін қозғап, оның тұлғааралық қарым-қатынасқа, әлеуметтік әділеттілікке және негізгі моральдық құндылықтарға тигізетін әсерін ашып көрсетіп, көрермендерге осы әлеуметтік құбылысқа жаңа көзқарас пен түсінік берді.

Идеяның авторы мен қойылым режиссерлері филология институтының 2-курс студенттері Мұхтаров Ермахан мен Қарабала Данияр.

Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп көріністің маңыздылығына тоқталып, студенттік театрдың қатысушыларына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ ол студенттердің қоғам алдындағы жауапкершілігін түсініп қана қоймай, университет қабырғасында адалдық, парасаттылық, имандылық сияқты әлеуметтік құндылықтарды қалыптастырып жатқанын жеткізді. Ректор бұл іс-шара студенттердің кәсіби дағдыларын ғана емес, олардың қоғамдағы жауапкершілігін және саналы азаматтың рөлін арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Іс-шара соңында Арман Рахимов университет ректорына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің қызметкеріне, сондай-ақ «Үркер» студенттік театрына алғыс хаттар табыс етті.

Айта кетейік, аталмыш жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев, университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Сабыр Түменбаев, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен студенттері қатысты.