Жаңалықтар

Алматыдағы өрт: Эвакуацияланған адамдардың көбі шетелдіктер

ТЖД

Хостелдің ашылғанына бір жарым ай ғана болған.

Алматыда өртке оранған хостелден эвакуацияланған адамдардың басым бөлігі - шетел азаматтары. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Хостел әкімшілігінің сөзінше, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені - Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар департамент басшысы өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болғанын мәлім етті. 

«Үш қабатты ғимараттың жертөлесінен хостел ашқан. Бұл, негізі, заңға қайшы. Себебі жертөле адам тұруға арналмаған. Қанша жерден жабдықталса да», - деді Нұрлан Атығаев.

Белгілі болғанындай, Астанадан ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ұшып шықты.

Еске салайық, бүгін мегаполисте хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты.

Дәрігерлер өрттен зардап шеккен 2 адамға көмек көрсетті. Олар ауруханаға жеткізіліп, кейін амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді.

Оқиға орнынан 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.