Тайқазан

Аспаз Михаил: Алғашқы сыйақыма домбыра сатып алдым

22 жастағы Михаил сонымен бірге қазақ тілінде де емін-еркін сөйлей алады.

Желіде домбырамен «Балбырауын» күйін күмбірлете жөнелген аспазшы Михаилдың бейнежазбасы аз уақыт ішінде миллионға жуық қаралым жинап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Turkystan.kz тілшісі тасада жүріп танылып, желі жұлдызына айналған жанды тауып алып, тілдескен болатын.

Михаил Әбуов балабақша кезінен-ақ өнерге жақын болған. Талай рет сахна төріне шығып, ән шырқаған. Ал домбыра тартуды 8 жасынан бастап үйренген екен.

Ол домбыраны алғашқы 2 ай құлақпен тыңдап үйренеді. Кейін ата-анасы оны музыка мектебіне берген. Содан бері Михаил домбырадан ажыраған емес.

22 жастағы Михаил сонымен бірге қазақ тілінде де емін-еркін сөйлей алады.

Қазір ол Астанадағы беделді қонақүйлердің бірінде аспаз болып жұмыс істейді.

Ол машақаты көп жұмысына қарамастан, әрдайым музыкаға аз да болса уақыт табатынын айтады. Желіде кең таралған әлгі бейнежазбада оның бос уақытында сол аспаз әріптестеріне ойнап берген сәті таспаланған. Бұл видео миллионнан астам қаралым, 76  мың лайк, 3 мыңнан астам пікір жинаған.

Желі қолданушылары әлгі видеоның астына «Жарайсың! Қазақстанның болашағы – қазақтың тілін білетін және дәстүрін құрметтейтін осындай жастар», «Кейбіреуі домбыраны қалай ұстау керектігін де білмейді! Бәрекелді!», «Нағыз талант», «Қолың талмасың, керемет!», «Әркімге беріле бермейтін талант», «Өнерін өрге жүзсін!», – деп көп пікір қалдырған.

 

Михаил сөз соңында бала кезден актер ретінде өте танымал болуды армандағанын айтады.