«Мектепте бомба бар»: Атырауда жалған хабар берген тұрғын психиатриялық станционарға жатқызылды
27 жастағы қала тұрғыны «102» нөміріне мектептердің бірінде жарылғыш зат орнатылғандығы туралы жалған ақпарат берген.
Атырауда жалған хабар берген күдікті психиатриялық станционарға жатқызылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Атырау қаласында 27 жастағы қала тұрғыны анасының ұялы телефоны арқылы «102» нөміріне мектептердің бірінде жарылғыш зат орнатылғандығы туралы жалған ақпарат берген.
«27 жастағы азаматтың терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламасынан кейін оқиға орнына Атырау облысы Полиция департаментінің, Атырау облысы прокуратурасыныңҚР ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаментінің және Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барып, тексеру барысында ешқандай жарылғыш құралдың жоқтығын анықтаған», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.
27 жастағы азаматтың анасы заңды өкілі ретінде сот отырысында баласының ауыратынын, оқиға болған күні ауруханадан екпе алып, жай-күйі нашарлағанын айтқан. Сонымен қатар 27 жастағы азаматтың қайда телефон соққанын білмейтінін, бұрын да дәл осындай жағдай болғанын, аталған азаматқа амбулаториялық емдеуді тағайындауды сұраған.
«Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сай аталған азамат «Параноидты шизофрения үздіксіз ағын түрі, тұрақты ақаумен» созылмалы психикалық бұзылуымен ауыратыны расталған», – делінген хабарламада.
Күдікті ҚР Қылмыстық кодекстің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.