Жаңалықтар

«AMANAT TECH» қатысушылары нашақорлыққа қарсы күрес жүргізудің тың тәсілін ұсынды

Қатысушылар желіде есірткінің таралуы туралы ақпаратты автоматты түрде қадағалауға арналған мамандандырылған бағдарламалар жасап шықты.

«Жастар Рухы» жастар қанаты мен «Astana Hub» IT-стартаптар технопаркі инновациялық әлеуметтік стартаптар арқылы нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу үшін «AMANAT TECH» жобасы аясында күш біріктірді.

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты халықаралық «Astana Hub» IT-стартаптар технопаркімен бірлесіп, «AMANAT TECH» республикалық хакатон ұйымдастырды. Оған 16-35 жас аралығындағы 80-нен астам адам қатысты. Іс-шара «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында нашақорлықпен және есірткі заттарының таралуымен күресудің инновациялық шешімдерін әзірлеп, жүзеге асыруға бағытталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударатыны белгілі. Биыл шілдеде Президент ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы жаңа стратегиясын әзірлеуді және қабылдауды ұсынды.

«Президент былтырғы Жолдауында синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуы тиіс екенін ерекше атап өткен еді. Біздің партия нашақорлыққа, әсіресе жастар арасында жағымсыз әдетке берік тосқауыл қоюға, жан-жақты қарсы тұруға мүдделі. Заман қарқынды дамыған сайын зиянды заттарды таратудың жолы көбейді. Сондықтан жастарды есірткіге қарсы күреске белсенді араласуға ғана емес, сонымен қатар озық IT-технологияларды үйренуге және пайдалануға шақырамыз. Алдағы уақытта осы хакатонның аясын кеңейтіп, әр өңірде өткізуді көздеп отырмыз. Күш біріктіріп, заманауи технологияны пайдалану арқылы бұл сын-қатердің жолын тежеп, қауіпсіз қоғам құра аламыз», – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

«AMANAT TECH» хакатонның қатысушылары бірқатар интеллектуалды IT-шешім әзірледі. Мәселен, желіде есірткінің таралуы туралы ақпаратты автоматты түрде қадағалауға арналған мамандандырылған бағдарламалар жасап шықты. Бұл технологиялық жаңашылдықтың көмегімен онлайн-кеңістіктегі есірткі саудасы туралы хабарландыруларды анықтап, оны бірден құқық қорғау органдарына жолдап отыруға болады.

«АСК» командасының мүшесі Уәлихан Айғожин интернет кеңістігінде есірткі сатушылармен күресудің жаңа әдісімен бөлісті.

«Біз есірткі сатушылардың операторын «бұғаттауға», осылайша олардың саудасын тежеуге мүмкіндік беретін бағдарлама әзірледік. Telegram әкімшілігі жеке парақшаны бұғаттау туралы өтінішті қарап жатқан кезде, олардың жұмыс істеуіне жол бермейміз. Себебі олар виртуалды клиенттерді нақты клиенттерден ажырата алмайды», – деді ол.

«Futurista» командасының мүшесі, 11-сынып оқушысы Ұлжан Хамидолла есірткіге тәуелді адамдарды оңалтуға арналған қосымша әзірледі.

«Бұл қосымшада психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің кеңесі 24/7 режимінде қолжетімді болады. Сондай-ақ, аталған қосымша enbek.kz. порталмен интеграцияланды. Яғни, сауығып кеткен адам осы қосымшаны пайдалана отырып оқыту курсынан өтіп, жұмыс таба алады», – деді ол.

Жеңімпаздарды қазылар алқасының мүшелері анықтады: Астана қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Қалықов, «Astana Hub» атқарушы кеңсесінің директоры Дания Ахметова, блогер Яков Федоров, «Blockchain Center» директоры Айдана Қасқырбек, «AMANAT TECH» үйлестірушісі Сұлтан Аллабергенов және «Құқық» қоғамдық қорының директоры Гүлмаржан Шунаева.

III орынды және 800 мың теңгенің сертификатын «Shalkyma» командасы, II орынды және 1 млн теңгенің сертификатын «AntiTox» командасы жеңіп алды. Ал I орынды «Futurista» командасы иеленіп, оған 1,4 млн теңге көлемінде жүлде табысталды.

«Best market ready solution» және «The best scaling potential» номинацияларында «АСК» және «IB Sila» командалары үздік деп танылды. Әр команда 600 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында биыл жыл басынан бері «Жастар Рухының» мыңнан астам белсендісі есірткі жарнамаларын өшіріп, үнемі рейдке шығып тұрды. Еліміздің барлық 20 өңірінде 5 мыңнан астам осындай «хабарландыру» жойылды.

Сонымен қатар, түрлі оқу орындарында есірткі заттарының зияны туралы дәріс өткізіліп, «Bir Tolqynda» сараптамалық алаңдары және жастардың пікір көшбасшыларымен және депутаттармен кездесулер ұйымдастырылуда.

Бұған дейін «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына зиян келтіретін электрондық темекілердің, алкогольдік ішімдіктердің, есірткілердің және өзге де зиянды заттардың таралуы, заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.

Мәселен, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері есірткі мен түрлі психотроптық және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Құжат күшті және улы заттарды, психотроптық заттарды, аналогтарды, прекурсорларды, оларды дайындауға арналған құралдар мен жабдықтарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау және жөнелту әрекеттері үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру мерзімі мен айыппұл көлемін арттыру ұсынылуда.