Қоғам

Елімізде қыс мезгіліне арналған ауа райы болжамы жарияланды

Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Желтоқсан айында Қазақстанда ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады.

Қазгидромет елімізде қыс мезгілінде қандай болатыны жайлы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Синоптиктердің болжамы бойынша, желтоқсан айында Қазақстанда ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады.

«Ауа температурасының төмендеуі жалғасады. Каспий теңізінің шығыс жағалауында орташа айлық ауа температурасы бұрынғысынша оң, +1 градусқа дейін, республиканың қалған бөлігінде оңтүстік-батыс пен оңтүстіктен 0 - 5°С солтүстікке және шығысқа қарай -13-18°C градусқа дейін төмендейді. Ең төменгі орташа айлық ауа температурасы Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында байқалады, ауа температурасы -20-24°С болады», – делінген хабарламада. 

Солтүстік облыстарда, оңтүстік-шығыс аймақтағы тау етегінде және оңтүстіктің таулы аймақтарында қар жамылғысының орташа биіктігі желтоқсанның аяғында 10-20 см-ге жетеді. Ең жоғары қар жамылғысы елімідің шығысындағы таулы аймақтарда байқалады. Биіктігі шамамен 25-66 см дейін жетеді. Ал Маңғыстау облысының оңтүстігінде мүлде қар жаумайды деп болжанып отыр.

Қаңтарда ауаның орташа айлық температурасы Қазақстан бойынша нормадан 2 градусқа жоғары болады.

Қаңтардағы жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жақын. Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының басым бөлігінде, елімідің шығыс бөлігінде нормадан көп болады. 

Болжам бойынша ақпан айында да республика бойынша орташа айлық ауа температурасы нормадан 2 градус жоғары болады.

Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары. Абай облысында, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу облыстарында, Жамбыл облысының басым бөлігінде, Қарағандының оңтүстік-шығысында нормадан жоғары болады деп болжанды.