Жаңалықтар

Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым – Мемлекет басшысы

akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанын және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Президент Астана мен Ломе арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнату маңызды екеніне тоқталды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Бұл екі халықтың бір-бірін жақын тануына мүмкіндік береді. Осы ретте Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бүгінгі қатынастарымызға тың серпін беру үшін елдеріміздің Құрметті консулдарын бекітуге келістік. Бұл келісімдер ынтымақтастықты нығайта түсері сөзсіз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанын және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсайтынын атап өтті.

«Әсіресе, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз ойдағыдай дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Африка Одағы сияқты құрылымдар арқылы өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президенттер жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері туралы пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Фор Гнассингбенің елімізге сапары, шын мәнінде тарихи маңызға ие екенін және екі елдің қарым-қатынасын кеңейтуге тың серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтты.

Фор Гнассингбе Тогоның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде де дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«300 миллионнан астам халқы бар Батыс Африка елдерімен тауар айналымын жолға қойған Того қазақстандық инвесторлардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз дамып келе жатқаны қуантады. Бүгінде сіздің елдің Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елімізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. Бұл тұрғыдан сіздерден үйренеріміз көп», – деді Того Президенті.