«Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбыры қарызға алынған ақшаға жаңғыртылып жатыр
Су құбырының өткізу қабілеті 170 мың текше метрге дейін артады.
Былтыр желтоқсан айында Үкімет «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғыртуға Ұлттық қордан 70 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім шығарды, деп хабарлады Turkystan.kz.
Қарастырылған қаражаттың 50 млрд теңгесін «Магистральдық су ағызғы» ЖШС 2023 жылдың сәуірінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-дан облигация түрінде алды. Қалған қаражат «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Магистральдық су ағызғы» ЖШС-нің 20 млн акциясын сатып алу есебінен толтырылды.
Ұлттық қордың дағдарысқа қарсы қаражатына қосымша жобаны қаржыландыру үшін 2022 жылғы қарашада «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қарызы тартылды.
Жобаны іске асыру «Астрахан – Маңғышлақ» магистральдық су құбырының өткізу қабілетін 2024 жылы тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.