«19 мың арыз-шағым түсті»: Үкімет басшысы сапасыз салынған жолдарды атады
Премьер-министр Қостанайдағы бір жолдың азабын мысалға келтірді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов халықтың жол сапасына қатысты арыз-шағымдарын жариялады.
Бүгінде сапасыз төселген жолдар халықтың наразылығына жиі себеп болып жатады.
«Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп, тек биылғы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті», - деді Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осы орайда, Премьер-министр Қостанайдағы бір жолдың азабын мысалға келтірді.
«Қостанай облысының тұрғындары Ұзынкөл стансасы мен Троебратский ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазды. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстырады және Ресейге қарай транзиттік жол болып табылады. Ал Ақтөбе облысында Жұрын стансасы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Бұдан бөлек, Тараз қаласының тұрғындары да шағынаудандардың бірінде бір жылдан бері жөндеу жұмыстары бітпей жатқан жол мәселесін шешуді сұрады.
«Ондай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі»,- дейді Смайлов