Жаңалықтар

Әлеуметтік эксперимент: оқушылар буллингке қарсы

Өскемен және Атырау қалаларында әлеуметтік эксперимент өткізілді.

Буллинг. Бұл іс жүзінде әр мектепте бар мәселе. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығынның ақпараты бойынша Қазақстанда әрбір бесінші бала құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады. Ең сорақысы, мұның арты суицидпен аяқталуы мүмкін. Егер қала тұрғындары буллингтің куәгері болса не істемек? Буллингке ұшыраған жас жеткіншекке  көмек қолын созар ма екен? Әлде бей-жай қарайды ма?

Бүгін дәл осы сұрақты тексеру үшін Өскемен және Атырау қалаларында әлеуметтік эксперимент өтті. Эксперименттің өтуіне «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері ұйытқы болды.

Бейнеде көрсетілгендей, бірнеше мектеп оқушылары сыныптасына әлімжеттік көрсетеді. Мұны байқаған қала тұрғындары балаларды бірден арашалап, көмек көрсетті. Сондай-ақ балалардың қасынан өтіп кеткен адамдар да болды.  

Экспериментті ұйымдастырушы Шығыс Қазақстан облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанаты филиалының төрағасы Қорлан Туғамбаеваның айтуынша, акцияның басты мақсаты – көпшілік назарын буллинг мәселесіне аудару.

Сондай-ақ оқушыларды арашалап қана қоймай, балаларға ақылдарын айтып, татулыққа шақырған қала тұрғындары да болды.

Мұнымен қоса, дәл осындай әлеуметтік эксперимент Атырау қаласында да өтті. Экспериментке қатысушы Атыраулық ерікті Амина Ахметова:

Президент өз Жолдауында мектептердің психологиялық қызметін дамыту қажеттігін баса айтқан болатын. Сондай-ақ қазақстандық мектеп балалар өздерін жайлы сезінетін ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс екенін атап өтті.

Осы мақсатта Жастар қанатының ұйымдастыруымен қазан айынан бері қала, аудан орталықтарында психологтардың қатысуымен мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқушылармен кездесулер өтуде. Кездесу барысында  оқушылар арасында келеңсіз оқиғалардың, буллинг, кибербулинг, зорлық-зомбылықтың алдын-алу тақырыптары қозғалуда.

Айта кетейік, мұндай тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін мұндай әлеуметтік эксперименттер Шымкент, Қостанай қалаларында да өткен болатын.