Жаңалықтар

Қазақстандық мектептерде тамақтанудың ұлттық моделі енгізіледі

qazdauiri.kz/

Мектеп тамақтануына ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі.

Бішкекте ТМД елдерінің «Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты» тақырыбында бірінші халықаралық форум өтті. Оған Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты. Бұл туралы turkystan.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Оның айтуынша, өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектеп тамақтануына ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі.

Осы мақсатта министрлік Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Жаңа үлгіде мектептегі тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша кезең-кезеңімен шаралар кешені қарастырылған.

«Әрбір мектеп оқушылардың «салауатты өмір салтын ұстанатын мектебіне» айналуы тиіс. Мектептің кез келген қызметі сауықтыру-педагогикалық бағытта болады. «Ұлттық мектеп асханасы» жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл көп ғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі», - деді Наталья Жұмаділдаева.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, оның ішінде 1,4 миллион бала 1-4 сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11 сынып оқушылары.

Сапалы тамақтануды ұйымдастыру мақсатында министрлік білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану нормаларын қайта қарады. Атап айтқанда, ас мәзіріне өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді енгізу нормасы қосылды. Бракеражды комиссиялардың және ведомствоаралық сарапшылық топтардың мүшелеріне арналған мониторингтік топтардың қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді.

Мектептерде тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, санитарлық тазалық пен гигиенаны сақтау, дастархан сервировкасы және дұрыс тамақтануды насихаттау. Білім беру ұйымына жеткізілген барлық өнімдердің санитарлық дәрігерлерден қорытындылары болуы керек, ал тамақты бракеражды комиссиялар бақылайды. Олардың қатарында ата-аналар мен қамқоршылық кеңес, сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері бар.

Форум барысында жетекші халықаралық институттардан, мамандандырылған білім беру саласындағы сарапшылар мен жеке сектордан құралған форумға қатысушылар мектептегі тамақтанудың тиімділігі мен сапасын арттыру жөнінде пікір алмасты.