Жаңалықтар

Жастар жұмыс іздеуге қанша уақыт жұмсайды?

ашық дереккөз

Елімізде 68,5 мың жұмыссыз жүрген жас тіркелді.

Бес жастың екеуі жұмыс іздеуге 3 айдан бір жылға дейін уақыт жұмсайды, деп хабарлады turkystan.kz.

Baq.kz сайтының мәліметінше, қазір жұмыссыз жүрген жастардың саны 8,2%-ға азайды.

Биылғы жылдың 3-тоқсанында елімізде 68,5 мың жұмыссыз жүрген жас тіркелді. Олардың дені - 15-28 жас аралағындағы жастар. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,2% пайызға төмен.

«Жұмыссыз ер адамдардың саны 28,9 мыңға (плюс 8,7%), ал жұмыссыз әйелдердің саны 39,6 мыңға (минус 17,6%) жеткен. Қалаларда 44,2 мың жұмыссыз (минус 12,8%) тіркелсе, ауылдарда  24,3 мыңға (плюс 1,5%) жеткен», – делінген хабарламада.

Салыстырмалы түрде 2022 жылдың 3-тоқсанында Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы 74,6 мың жұмыссыз болған. Бұл алдыңғы жылдан қарағанда 3,7%-ға төмен. Яғни, жылдан жылға бұл көрсеткіш төмендеп келеді.

Енді өңірлер бөлінісіне келер болсақ, ең көп жұмыссыз жас Алматы қаласында анықталған екен: 13 мың адам - былтырғы жылмен салыстырғанда 7,7%-ға көп. Оңтүстік шаһардан кейін Астана (8,6 мың адам, минус 1,1%) мен Алматы облысы (8,5 мың адам, плюс 15,7%) тұрақтады. Ал керісінше Ұлытау (509 адам), Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында (1,1 мың адам) жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмен. 

Маңғыстау облысында жұмыссыз жастар санының ең көп өсімі байқалады. Яғни бір жылда 2,3 есе 4,5 мың адамға дейін көбейген. Ал Түркістан облысында жұмыссыз жастар саны төмендегені байқалады. Жұмыссыздық 65,1%-ға дейін төмендеп, 2,6 мың адамға дейін жеткен.

«18 мың жас жұмыс іздеуге 1 айдан 3 айға дейін уақыт жұмсаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 13,8%-ға аз. Тағы 14,9 мың жас  (плюс 93,8%) жарты жылдан бір жылға дейін, 14,8 мыңы (минус 26,9%) 3 айдан 6 айға дейін жұмыс іздеп жүрген», – делінген хабарламада.

Бір айға жетер-жетпес уақыт жұмыс қарастырғандардың саны 16,8%-ға азайып, 13,8 мың адамға жуықтаған, ал бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс іздестіргендер саны 24,8%-ға төмендеген.