Спорт

Ешқандай футбол клубын басқаруды жоспарлап отырған жоқпын – Магомед Адиев

ашық дереккөз

«Ақтөбе» футбол клубын кім басқаратыны белгісіз.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Turkystan.kz.

«Достар, жанкүйерлер бүгін маған жақын арада «Ақтөбе» футбол клубын басқаратыныма байланысты көптеген сұрақтар келіп жатыр. Менің басты мақсатым мен міндетім – Қазақстан құрамасы және наурыз айында өтетін ойындар екеніне сендіргім келеді. Менің басты мақсатым және арманым – 2024 жылғы футболдан Еуропа чемпионатына өту және соған қатысу. Осыған орай құрметті достар мен жанкүйерлер, жақын арада ешқандай футбол клубын басқаруды жоспарлап отырған жоқпын», – деп жазды Instagram парақшасына.

Айта кетейік, кеше республикалық БАҚ: «Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев «Ақтөбе» командасын жаттықтырады», – деп жарыса жазды. Бұған комментатор Ермұхамед Мәуленнің telegram арнасына: «Ресми: Магомед Адиев – «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері», – деп ақпарат таратуы негіз болды.