Қостанайда мас жүргізуші өзін жолаушымын деп алдаған
Көлік мамандандырылған автотұраққа орналастырылды
25 қарашада республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы барысында Тобыл қаласының патрульдік полиция қызметкерлері «Мерседес» көлігінің жүргізушісін тоқтатқан. Тексеру кезінде 34 жастағы жүргізушінің 2017 жылдан бері көлік жүргізу құқығына құжаты болмағаны анықталды. Оның үстіне жүргізуші мас болған, деп хабарлады turkystan.kz Poliia.kz-ке сілтеме жасап.
Патрульдік полиция тоқтатқаннан кейін жүргізуші тез арада алдыңғы жолаушы орындығына ауысып алған. Содан соң өзінің жолаушы екенін айтқан. Көлікте өзінен басқа ешкімнің жоқтығына сендіргісі келген.
Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік мамандандырылған автотұраққа орналастырылды. Сол күні Қостанай аудандық соты мас күйінде көлік жүргізген азаматты 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.