Жаңалықтар

Танымал әзілкеш Аманғали Сыпабеков алғаш рет әйелі туралы айтты

Видеодан алынған кадр

Аманғали Сыпабеков "Ұйқым келмейді" бағдарламасында қонақ болды

Танымал әзілкеш, "Базар жоқ" театрының әртісі Аманғали Сыпабеков "Ұйқым келмейді" бағдарламасында алғаш рет жұбайы, отбасылық өмірі туралы ашып айтты, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл пародисттің өзінен 7 жас кіші Маралмен үйленгеніне 7 жыл толған.

"7 жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Мүлде ұрыспаймыз деп айтпаймын әрине, бірақ қатты араздасқан күніміз болмапты. Аллаға шүкір, бақыттымын деп айта аламын", - дейді әзілкеш.

Олар бағдарлама барысында екеуінің таныстығына Аманғалидің әпкесі себепші болғанын айтты.

"Екеумізді таныстырған қайын әпкем. Ол кісі сені ініммен таныстырайын деп айтып жүргенде інісінің Әбекең екенін білмедім, танысқаннан кейін ғана білдім. 1 жылдай қыз бен жігіт болып сөйлесіп, үйіме келіп менің ата-анаммен танысты. Ата-анаммен танысқаннан соң үйленейік деді", - дейді әзілкештің жұбайы.

Аманғали Сыпабеков қазіргі әйелі Маралды бірден ұнатқанын жеткізді.

"Екеумізді әпкем таныстырған. Есімде, мен сапардан келгеннен кейін әпкем үйіне шәй ішіп кетуге шақырды. Үйіне бардым. Барсам, үйде дастархан жаюлы, әпкем күшті киініп алған, торт бар. Әпкемнен кімнің туған күні деп сұрадым. Сонда әпкем қазір біреу келеді деп жауап берді, кейін Мәкең(жұбайы Марал) анамыздың(ене) ағасы екеуі келді. Танысып, сөйлесіп, кездесуге барғаннан кейін үйленейік, ата-анаңызбен танысайын дедім", - дейді Аманғали Сыпабеков.

Сонымен қатар ол өзінің ата-енесімен таныстығында болған қызық оқиға туралы да әңгімелеп берді.

"Маралдың ата-анасымен танысуға барғанда үйінің ауласына кіргенше сенімді, батыл болып бардым. Аулаға кіргеннен бастап бойымды қорқыныш биледі. Өйткені Маралдың әкесі Тараз қаласы учаскесінің бастығы екенін білемін. Үйіне оң аяқпен кірдім, есігін ашып кіргенде еттің иісін сезіп, мені күтіп жатқанынын түсініп кішкене басылдым.

Үйде мені ата-енем достарымен күтіп отыр екен. Әкеміз денесі ірі кісі, қабағын түйіп алған, енді суретте бәрі бір-біріне ұқсай береді ғой. Бұл кісіге түрлі әзіл айттым, ешнәрсеге қабағын ашып, күле қоймады, ішімнен қайын атаға ұрындым ау деп ойладым. Ал атамның досы көңілді кісі екен. Енем де көңілді отырды. Кейін ерлер болып сыртқа шықтық. Сыртта шыққанда әкеміз ары кетіп қалды, ал досы сұрақ қойып, көңілді тұрды. Мен сасқанымнан тұрып-тұрып "аға, темекі бар ма?" деп сұрадым, ішімнен бұл ісім бекер болды ау деп те ойлап тұрмын. Темекіні тұтатып тұрып, жаңағы кісіге "Папаның мінезі ауыр сияқты ғой, ұрындым ау деймін" дедім, маған қарап "Мен ғой сенің папаң" дейді. Сөйтсем ана кісі досы екен, шатастырып алыппын. 

Осыдан кейін осы көңіл-күй, ара-қатынаспен келе жатырмыз. Аллаға шүкір дос секілді қарым-қатынастамыз", - дейді пародист.