Спорт

Астанада алғаш рет пара каратэден инклюзивті әлем чемпионаты өтіп жатыр

Фото: gov.kz

Спорттық доданың жүлделерін сарапқа салуға әлемнің сегіз елінен келген 200-ге жуық пара спортшы қатысып жатыр.

Елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде пара каратэден инклюзивті әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады  turkystan.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт саласында инклюзивті орта қалыптастырудың және ерекше қажеттілігі бар спортшылардың осындай әлемдік додаларға қатысуының және Қазақстанда алғаш рет өтуінің маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Күні кеше Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындары еліміз үшін өте сәтті өтті. Себебі, еліміз өз тарихында жүлде саны мен сапасы жағынан барлық рекордтарды бұзды. Екіншіден, Қазақстан алғаш рет пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг спорт түрлерінен алтын жүлдеге ие болды», – деді ол.

Спорттық доданың жүлделерін сарапқа салуға әлемнің сегіз елінен келген 200-ге жуық пара спортшы қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылардың жасы 7 жастан 65 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Қатысушылар – тірек-қимыл аппараты, көру мүшесі зақымдалған, сонымен қатар интеллектуалды даму деңгейі төмен спортшылар мен қатар дені сау спортшылар қатысуда.

Айта кетейік, байрақты бәсеке 26 қарашаға дейін «Beeline Arena» спорт кешенінде жалғасады.