Жаңалықтар

Вандализммен күресу жас талғамайды: Жас белсенділер вандализммен қоғам болып күресуге шақырады

Тұрғын үйлерге кіреберістерде өткен акция барысында бізге көмекке келген осы ауланың тұрғыны Ажар апамыздың шын ниетіне тәнті болдық. Шараға қатысқан жастар үшін де бұл – үлгі болар игі іс. Вандализммен күресу жас талғамайды

«Жастар Рухы» Жастар қанатының еріктілері бүгін Ақтау қаласындағы көпқабатты үйлердің кіреберісінде, Жезқазғандағы Ғарыш бағындырушыларға арналған ескерткішке, Жетісу облысына қарасты шағынаудандағы Қабан батыр ескерткішінде, Тараз қаласында орналасқан «Төрт көл» тарихи кешенінде жаппай тазарту мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

«Айналаңды таза ұстау, оны ластамау әрбір азаматтың  қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілігі деп білемін. Заңға бағынып, тәртіпті сақтау бізден басталады. Еліміздің болашағына алаңдайтын жас ретінде, экологиялық акцияға ерікті болып қосылдым. Замандастарымды біздің қатарға қосылып, өз үлесін қосуға шақырамын. Тазалықты сақтау көше немесе аула емес, өз санамыздан, дұрыс түсінік қалыптастырудан басталады», – дейді Талдықорған қаласының еріктісі Дария Ілиясова.

Ал «Жастар Рухы» Жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерінде басталған вандализммен күрес бүгін қаладағы тұрғын үйлерде жалғасын тапты дейді.

«Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін ұқыпты, қаз-қалпында келер ұрпаққа жеткізу қаншалықты маңызға ие болса, өзіміз тұратын үйлер мен аулалардың тазалығы қоғам мен жақындарымыз үшін соншалықты маңызды. Тұрғын үйлерге кіреберістерде өткен акция барысында бізге көмекке келген осы ауланың тұрғыны Ажар апамыздың шын ниетіне тәнті болдық. Шараға қатысқан жастар үшін де бұл – үлгі болар игі іс. Вандализммен күресу жас талғамайды – Ажар апа соның нақты дәлелі», – деді Абзал Марат.