Жаңалықтар

Бес елден келген 325 босқын Қазақстаннан пана тапты

Олар елден шығарылмау бойынша қорғалған

Бүгінгі күнде Қазақстанда 5 елден келген 325 босқын тұрады. Республика аумағын паналаған барлық шетелдіктер Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы turkystan.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ның 1951 жылғы «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясына (бұдан әрі – Конвенция) ресми түрде қосылып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алды. 

Босқындармен жұмыс жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында ұлттық заңнама нормаларын Конвенция ережелерімен имплементациялау жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының сарапшылары кіреді.

Жұмыс тобы босқындарға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде медициналық көмекке, білім алуға және әлеуметтік көмекке қолжетімділік беру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдардың қарауында.