T-Newspaper

Илтегин Мұхаммед Арслан: Қазақстан – менің екінші Отаным

turkystan.kz

Алайда мен Қазақстанға барғанда Түркияға мүлде қайтқым келген жоқ. Айналамды, әсі­ресе, ұлттық тағамдарын ұнатқаным сонша, ұшаққа отырғанда қазақша ет сұрағаным бар.

Илтегин Мұхаммед Арслан – Түркияның Ыстан­бұл қаласында тұратын қазақ тілі­нің жанашыры. Оқушы кезден көк түрік қаға­на­тының тарихына қызыққан ол қазақ тілін жетік мең­геруді мақсат етіп, әлеуметтік желілерде қа­зақ­қа ұқсайды-ау дегендерге достық жіберіп, олар­мен қазақша сөйлесіп, орта қалыптастырған. Екі жыл ішінде қазақшасын жетілдіріп алған ол уа­қыт өте келе қазақ мәдениетіне, спортына, жал­пы Қазақстанға деген қызығушылығы арта түсіп, «Қазақстанға келсем, Түркияға қайтқым келмей­тін деңгейге жеттім» дейді. Алдағы уақытта Алма­ты­ға келіп, уақытша тұрып-көргісі келетін Илте­гин­ге хабарласып, әңгіме-дүкен құрған едік.

– Instagram-дағы қазақ тілінің мә­се­ле­лерін талқылайтын бір парақшада ем­ле ережелерін бізден артық білеті­ніңіз­ді байқап, таңғалдық. Жеке парақ­шаңызды шолып шыққанда қазақ мә­дениетіне, жалпы Қазақстанға деген қы­зығушылығыңыз басым екенін бай­қамау мүмкін емес. Бұл қызы­ғу­шы­лық әу баста неден туып еді?

– Мен Ыстанбұлдың Кадыкөй ауданында ту­ға­ныммен, Азия жағында орналасқан Пен­дік деген ауданында өсіп-өндім. Сакария уни­­­верситетінде қоғаммен байланыс ма­ман­дығы бойынша білім алдым. Содан соң Ыс­тан­бұл университетінің тарих факультетінде сырт­тай оқыдым. Негізі, мен жастайым­нан тарихқа қызықтым. Ғұн дәуірінен көк түрік қағанатына дейін аралықты ерекше ықы­ласпен оқып, зерттеп, зерделеп шықтым. Ма­ған көк түріктердің тарихы, тілі мен ділі қы­зық көрінді. Сосын көк түріктердің тілін үй­ренуім керек деп шештім. Қазіргі түрік тілі көк түріктердің тіліне келіңкіремейді, сон­дықтан ол тілге ең жақын тілдер қайсысы еке­нін зерттей бастадым. Артынша, ең жа­қын тілдер ретінде тувалықтар, хакастар, қыр­ғыздар мен қазақтардың ана тілі екенін біл­дім. Сол кезде маған осы тілдердің ішінен бір тілді таңдау керек болды. Дәл сол уақытта YouTube-та Қара­қат Әбілдинаның орын­дауын­дағы «Балапан қаз» әні мен Ба­тырхан Шү­кеновтің «Сағым дүние» атты ке­ремет туын­дысына түсірген бейне­бая­нын көрген едім. Бұл екі клип­тегі қа­зақ­тар­дың ұлт­тық киі­мі, салт-дәс­түрі, киіз үйді қас­терлеуі, иен да­ла­сын көрген кезде жүре­гім­де сөзбен си­паттай алмайтын бір жылулық пайда болды. Түр­кітектес елдер бір-біріне бауыр еке­нін бұ­рын­нан білемін. Дегенмен сол екі видео­дағы қазақ тілінің шұрай­лы­лығы мен онда­ғы көрініс ерекше әсер қал­дырды. Сөйтіп, 2017 жылы дұрысы, қазақ тілін үйренейін, олар секілді таза сөйлейін, тілін біліп алған соң, олардың әлемін, та­ри­хын зерттейін деп шеш­тім. Осылайша, қа­зақ тілін үйрене бас­тадым.

– Қазақ тілін үйрететін арнайы курс­қа бар­дыңыз ба, әлде?

– Жоқ, өз бетімше үйрендім. Ешқандай ку­рс, бағдарламаның көмегіне жүгінбедім. Ең алдымен сөздік қорымды молайтқаным дұ­рыс болар деп, кітап сататын бір сайтта Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің оқытушылары әзірлеген қа­зақша сөздікті сатып алдым. Сосын әлеу­мет­тік желіде кез келген қазаққа достық жі­бе­ріп, әңгімелесуге тырыстым (күліп). Алай­да мұнымнан түк шықпады. Олардың жаз­ғанын түсіне алмай, дал болдым. Өмір бойы латын қарпін қолданып келе жатқан маған кирилл қарпін түсіну қиынға соқты. Со­дан «Мейлі онда, кирилл қарпін үйре­нейін» деп шештім. Ол қаріпті де меңгеріп ал­дым. Оны үйренген соң қазақтардың жаз­ғанын бірте-бірте түсіне бастадым. Ал тү­сін­беген сөздерді сөздік арқылы аударып, қағаз бе­тіне түсіріп отырдым. Басында дұрыс жаза ал­майтын едім, алайда уақыт өте келе қазақ ті­лінде кинолар, әсіресе  мультфильмдер көр­ген соң, қазақшам «жақсара» түсті. Одан бө­лек, қазақша кітаптар, соның ішінде ерте­гілер­ді сүйсініп оқыдым. Бейтаныс әрі қызық көрінген сөздерді дәптер бетіне түсіріп алып, күніне екі-үш рет қайталап жүрдім. Осылай­ша, жазуды да, сөйлеуді де үйреніп алдым.

– Кирилл қарпін арнайы курсқа ба­рып үйренбесең, өздігіңнен үйрену қиын деп ойлайтын едім.

– Түк те қиын болған жоқ. YouTube-та қа­зақ әліпбиін үйрететін қысқа видеолар бар. Оны екі-үш рет қараған соң, күні бойы жат­тап, соңында сөйлем құрастыра бас­та­дым. Бала кезімде үлкендер Құран оқыған кез­де мен де қызығып, араб әріптерін үйрен­гім келетін. Алайда екі-үш айда араб әріп­те­рін үйрене алмай, қиналғаным бар. Ал ки­рилл қарпін керісінше екі-үш күннің ішінде үй­реніп алдым. Жоғарыда айтқандай, әлде­бір курсқа қатыспай, бағдарламаға «бағын­бай» оқығандықтан, қазақ тілін үйрену про­цесі ұзаққа, анығырақ айтсам, екі жылға со­зылып кетті. Соңғы жылдары қазақшамды едәуір жақсартып алдым. Сөздік қорым мо­лайды. 

– Жаңа бір сөзіңізді біздің тілді біл­ме­сеңіз де, «Әркімге достық жіберіп, әң­гі­мелескім келді» деп қалдыңыз. Қа­зақ тілін үйренуге деген талпыны­сыңыз­ға әлі таңғалып отырмын.

– Тіл үйрену үшін еңбектену керек. Орта қа­­­лып­тастыру қажет. Өйтпеске, амалым қал­­мады. Сол уақытта ағылшынша да үйрен­г­ім келді. Қазақтарға қаптатып достық жі­бер­гендей, ағылшындарға жібердім, алайда олар мүлде қабылдамай тастады. Ал қазақтар керісінше жақын тартып, жанашырлық та­нытты. Егер қазақтар сол кезде достығымды қа­былдамаса, жазғаныма жауап бермесе, қа­­зақ тілін үйрене алмас едім. Немесе тіл кур­­сына баруға мәжбүр болатын ба едім, кім біліп­ті?! Нәтижесінде, қазір соның арқасында до­сым көп. Олардың көбімен Қазақстанға бар­ғанда бетпе-бет кездесіп, байланысымды ны­ғайтып алдым.

– Instagram-дағы жеке парақ­шаңыз­дың төбесіне қазақ тілі деп жазып, біз­дің тудың белгісін қойыпсыз. Біздің тіл­ге деген құрметіңізді осылай көр­сет­кіңіз келді ме?

– Негізі, мен ол жерге түркітектес ха­лық­тардың тілдерінің белгісін қоюым керек еді. Алайда қазақ тілін жетік білгеннен, Қазақ­станға барғаннан кейін Қазақстанды екінші Отаным деп санаймын. Әлбетте, қазақ тілін ай­рықша құрметтеймін. Құрметтегеннен де ж­оғары нәрсе бар. Мен ол тілді жақсы көре­мін. Оған деген сүйіспеншілігімді айтқызбай-ақ түсінген боларсыз. Біз – түркілер, бір-бірі­мізге туыспыз, бауырмыз. Тарихымыз, ті­ліміз ұқсас. Біздің аталарымыз оғыздар кезінде Сыр­дария өлкесін мекендеген, сосын Анадо­лыға көшіп, мемлекет құрған. Сондықтан біз Қазақстанды атажұртымыз деп санаймыз. Мен секілді Қазақстанды атажұртым деп са­найтын түріктер қазақтарға алаңдап, сіз­дерде болып жатқан саяси оқиғалардан үне­мі хабардар болып жүреді.

– Сіз тіпті күні кеше Еуропа чемпио­на­тының іріктеуінен өте алмай қалған Қазақстан ұлттық құрамасының өз то­бында жинаған көрсеткішін, құрлық­тық чемпионатқа қайтсе бара алаты­нын, ойыншыларымыз туралы біраз де­ректі де біледі екенсіз. Соған қараған­да сіз тек саяси жаңалықтарды ғана емес, Қазақстан спортын да жіті бақы­лай­­тын секілдісіз. 

– Әлбетте, бақылаймын. Қазақстан фут­болдан әлем, Еуропа чемпионаттарына бұрын-соңды қатыспаған. Өзіңіз де білесіз, биыл Қазақстан футболы ерекше қарқын та­нытты. Олардың еурожарыстардағы әрбір ойынын көріп, жеңсе қуанып, жеңілсе сіздер секілді налыдым. Кешегі шешуші кез­десуде Словенияны ұтып, Еуропа чем­пио­на­тына қатысуға мүмкіндік беретін жол­дама­ны ұтып алғанын қатты қалаған едім. Өкі­ніш­ке қарай, олай болмады. Бұйырса, Қазақ­стан құрамасы келесі жылы наурыз айында Ұлттар Лигасы арқылы Еуропа чемпиона­ты­на бару мүмкіндігіне таласады. Түркия құра­ма­сы өз тобында бұл кезеңді бірінші орын­мен аяқтап, Еуропа чемпионатына қатыса­тын болды. Ал бірақ олар да Қазақстан се­кіл­ді үшінші орын алып, іріктеуден өте ал­май қалса, наурыз айындағы ойында Қа­зақ­стан құрамасына қарсы ойнап, жалғыз жол­даманы сарапқа салатын еді. Құдайға шү­кір, олай болмайтын болды. Егер бұл екі ұлт­тық құрама ойнаса, қай жақты қолдай­ты­нымды білмей, әбден әлекке түсетін едім. Абырой болғанда, Түркия іріктеу кезеңін жақ­сы нәтижемен аяқтады.

– Осы айдың басында Астанада «Түр­кі дәуірі» деген ұранмен Түркі мемле­кет­тері ұйымының Х саммиті өтті. Мұнда ай­тылған мәселелерден хабардар болар­сыз?

– Әрине. Аталған ұйым түбі бір түркі әле­мінің бір шаңырақ астына бірігуіне, бауыр­лас халықтардың болашағын бағдар­лап алуына серпін беретінін бәрі түсінеді. Осы ретте ерекше атап өтетін бір жайт, Қа­зақстан латын қарпіне көшу ісін қайта қолға алу керек деп ойлаймын. Сол саммитте біз­дің Президент Режеп Тайып Ердоған түркі ел­деріне ортақ әліпби қажет екенін жеткізді ғой. Бұл бастаманы қолдаймын. Латыншаға ауыс­са, басқа бауырлас елдер, әсіресе, түрік­тер қазақтарға бұрынғыдан бетер жақындай түседі деп ойлаймын.

– Қазақстанға жиі келетініңізді ай­тып қалдыңыз. Қай қалаға көп бар­дыңыз? Алматы ма?

– Иә. Мен жазда барған кезде тау басын­да қар жатқанына таңырқап, ерекше әсер алып қайттым. Медеу, Көктөбе, Көкжайлауды ара­ладым. Түркияда оқып жүрген қазақ дос­тарым бар. Дегенмен көп қазақпен интернет ар­қылы танысқандықтан, Қазақстанда олар­мен бетпе-бет кездесудің сәті түсті. Астанаға да саяхаттап қайттым. Астана, сөзсіз – біре­гей қала. Алайда, маған Алматы ерекше ұнап қалды. Астанада табиғат дейтіндей табиғат жоқ, бетон үйлерден басқа ештеңе көрмедім. Көп­шілік Бурабайды бір рет көруім керек еке­нін айтты, алайда ол қаладан алыс екен. Бас қала тыныш, бірақ «тірі» қала емес секіл­ді көрінді. Ал Алматыда, керісінше өмір қыз-қыз қайнап жатыр. Табиғат аясына бар­ғың келсе, жарты сағатта-ақ жетіп ала­сың. Туризм индустриясы жақсы жолға қойыл­ған. Алдағы уақытта Түркістан, Шым­кент қалаларына, содан соң батыс өңірлеріне барғым келеді. Осы ретте бір ренішімді айт­­­­сам, басып шығарасыздар ма? Мұны Пре­зи­дентке немесе бұл іске жауапты органдарға жеткізуге мүмкіндік бар ма?

– Не ренішіңіз бар?

– Қазақ бауырларымыз Түркияда үш ай ви­­засыз жүре алады. Ал біз, түріктер, Қа­зақ­стан­да бір ай ғана визасыз бола аламыз. Ма­ған Қазақстан қалаларын аралауға бір ай жет­пейді. Бір қызығы, біз Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сын үш ай визасыз саяхаттай аламыз. Олар да Түркияда үш ай визасыз жүре алады. Қа­зақ бауырларымыз Ресей халқына үш ай ви­засыз жүріп-тұруға рұқсат берген. Қы­тай­лық­тарға да сондай. Ал бізге жоқ. Біз – бауыр­лас, тамырлас халықпыз ғой! Мені сол қын­жылтады. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Жа­пония үкіметі түрік азаматтарына үш ай ви­засыз саяхаттауға рұқсат береді. Ал бауыр­лас деп жүрген Қазақстанда бәрі басқаша. Біз­ге де Ресей, Қытай азаматтары секілді үш айға визасыз жүруге рұқсат берсе, ел ішін ар­мансыз саяхаттайтын едім. Сіздерге сұх­батты күнде бермеймін ғой, осы кезді пай­да­ланып, мені қынжылтатын мәселені тілге тиек етейін дедім.

– Қазақстандықтар Түркияда 90 күн ви­засыз жүре алса, түріктер де бізде дәл сон­шама күн жүре алады деп ойласам...

– Мен де солай ойладым. «Құдайға шүкір, үш ай емін-еркін қыдырамын. Күшті қан­дай!» деп қуанып жүрген едім. Сөйтсем, олай емес екен. Бір айға ғана жүруге болатынын біл­ген кезде біртүрлі болып қалдым. Қазақ­стан­да визасыз жүру мерзімін үш ай қыл­сын­шы, өтініш! Немесе тек маған визасыз кіру­ге рұқсат берсінші. Қалаған кезде кіріп, қалаған кезде шығып, жүре берейінші (кү­ліп).

– Алматы мен Астананы аралауға бір ай жетпеді ме?

– Маған тіпті алты ай жетпейтін секілді (кү­ліп). Маған Қазақстанды саяхаттаған ұнайды. Әсіресе, жаяу аралағанды ұнатамын. Алайда жаяу араласам көңіл түсіретін көп жайтты көзім шалады. Алматыға алғаш рет келгенде Абай даңғылын жаяу аралағым келді. Сол кезде басқа жолға түсіп, адасып кет­кенімді байқамай қалдым. Жолай бір қазақ­ты тоқтатып, бір мекенжайды қазақша сұра­сам, маған орысша жауап береді. «Қазір түбі қазақша жауап береді-ау осы» деп екі-үш рет қайта сұрасам, орысша жауап қатып тұ­рып алды. Сосын Google аударманы ашып, қа­­­зақшаны орысшаға аударып, көрсеттім. Қа­зақстанда қазақпен орысша сөйлесуге мәж­бүр болдым. Жаман болдым. Қазақ достарым көп тұрғынның орысша шүлдір­лей­тінін үнемі айтады. Қазақстанның оңтүс­тігі мен солтүстігіндегі тілдік қолданыс, тұр­­­мыс салты басқаша екенін де білемін. Сол­түстіктегі халық орысша сөйлегенді құп кө­ре­тінін естіп жатамын. Кейде мен Қазақ­станға барып жұмыс істеу туралы ойла­на­мын. Алайда қазақ достарым «Ол үшін ал­ды­мен орыс тілін білуің керек» деп айтады. Бұл, әрине – талап-тілегіңе, мақсатыңа кері әсе­рін тигізбей қомайды. 

– Жо-жоқ. Қазір қазақ тіліне басым­дық беріледі. «Орыс тілін білмесең, жұ­мыс таба алмайсың» деген стереотип ар­т­та қалды. Сіз мынадай қазақшаңыз­бен елден қиналмай-ақ жұмыс таба ала­сыз.

– Орыс тілінің басымдығы туралы қазақ дос­тарым айтқан еді. Мүмкін, олар «Көп тіл біл­ген жаман емес» деп айтқысы келген бо­лар. Жалпы, алдағы мақсат – Қазақстанда бір­аз уақыт тұрып, қазақшамды бұдан да жақ­сартып, акцентсіз сөйлеу. 

– Бұдан асып қалайша жақсартуға бо­лады? Акцентіңіз тіпті де білінбейді.

– Қойыңыз, акцентім бар (күліп). Өзіме білі­неді ғой. Сіз менің көңіліме қарап айтып тұр­ған боларсыз. Мен қазақтармен хат жа­зысқан кезде, олар мені қазақ деп ойлап қа­ла­ды. Ал дыбыстық хабарлама жіберсем, «Әй, акцентің бар екен ғой» дейді (күліп). Алайда қазақшасымен көпшілікті таңғал­дырып жүрген америкалық қыздан жақсы сөйлей аламын. Дейтұрғанмен, әлі де көп жұмыс істеу керек.

– Қазақстанда тек уақытша тұрып көр­гіңіз келеді ғой?

– Иә. Онда барлығы қалай өрбитінін біл­мейсің ғой. Отанымды, туған-туыстарым­ды сағынып, кері әсері бола ма деп ойлаймын. Алайда мен Қазақстанға барғанда Түркияға мүлде қайтқым келген жоқ. Айналамды, әсі­ресе, ұлттық тағамдарын ұнатқаным сонша, ұшаққа отырғанда қазақша ет сұрағаным бар. Менің қазақ ұлтына деген ерекше ма­хаб­батымды беске білетін қазақ достарым «Онда былай келісейік. Сен менің орныма кел, мен сенің орныңа барайын. Төлқұ­жат­тары­мызды ауыстырайық» деп қалжыңдай­ды. Тіпті, туған әпкем де қазақтармен теле­фон­мен сөйлесіп болған соң, «Не деп сөйлес­тің?» деп естіген сөздерді қалжыңға орағы­тып, қайталайды. Үй ішім де мені Қазақстан десе елең ететінімді жақсы біледі. Анам ба­сында Қазақстанға жалғыз барамын дегенде қо­рыққан еді, кейін ондағы бауырмал жан­дармен араласып, біте-қайнасып кеткен соң, көңілі орнына түсті. Сізге мынаны айтайын, мен өткен жылы әскерге барып, Отан алдын­дағы борышымды өтеп келдім. Тіпті, әскерде жүрсем де, қазақша кітап  оқып, қазақ­шамды жетілдіруді ұмыт қылмадым. Үйге қайтуға екі ай қалғанда теле­фон­ды қолдануға мүмкіндік беріл­ді. Сол кезде де қазақша жаңа­лық­тар оқып, достарыммен байла­ны­сып жүрдім. 

– Жеке парақшаңызда Мей­рамбек Бесбаевпен түс­кен суретіңізді көріп қал­дым.

– Бір күні Ыстанбұл ба­за­рын­да жүрсем, жанымнан екі кісі өтті. Оның біреуін Мейрамбек ағ­а­ға қатты ұқсаттым. Алайда «Қай­­дағы? Ол кісі емес шығар. Ол мы­на жерде қайдан жүрсін?» деп ойла­дым. Шыны керек, қытайлық азамат шы­ғар деген күдік болды. Дегенмен бірнеше қа­дам аттаған соң, «Тексеріп көрейінші» деп әлгі екеуінің соңынан ердім. Содан соң ал­дыларына шығып алып, мұқият қарасам, расымен менеджерімен бірге кетіп бара жат­қан Мейрамбек аға екен. «Аға, сізбен сурет­ке түсуге бола ма?» деп сұрап, келіскен соң суретке түстім. Аға «Қандай рахат! Ыс­тан­бұл көшелерінде емін-еркін жүре ала­мын. Мені ешкім танымайды» деп кетіп бара жатқан жерінде, мен алдынан атып шыққан кезде «Мына түрік қайдан шықты? Мені қай­дан таниды, ә» деп таңғалған шығар. Жал­пы, мен қазақ әншілерін көп тыңдаймын. Жоғарыда айтып кеткенімдей, Батырхан Шүкеновтің жанкүйерімін. Одан бөлек, дәс­түрлі әндерді сүйсініп тыңдаймын. «Айым, Күнім менің! Жарқыраған жұлдызым менің» деп айтатын Ардақ Балажанованың әнін сан рет тыңдаймын. Қарақат Әбілдинаның «Ба­лапан қаз» атты әнін де көп қосамын. Со­ны­мен қоса, «Алатау серілері» айтатын «Алаш ұраны» деген әнді де ыңылдап айтамын. Әрі Қайрат Нұртас пен кейінгі кезде хит әндер айтып жүрген жас әнші Садраддиннің де жан­күйерімін. Ал күйлерден «Көңіл толқы­нын» қатты жақсы көремін. Тыңдаудан жа­лық­паймын. Күніне бірнеше рет тыңдаймын.

– Қазір немен айналысасыз? Қазақ­стан­ға қашан келуді жоспарлап отыр­сыз?

– Қазір ара-тұра түрік тілінен онлайн с­а­бақтар жүргіземін. Әскерден жуырда орал­ғандықтан, демалайын деп шештім. Бұйырса, келесі жылдың алғашқы айында Алматыға бара­мын. Ол уақытта достарымның мазасын ал­май, жалғыз саяхаттауды жоспарлап отыр­мын. Әскердегі қатаң режимнен кейін Қа­зақстанға барып тыныққым келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ