Сейфолла Оспан: Тұлғалар халқына еткен еңбегін бұлдамаған
Сол кезде жұрт газеттерге мақала жазғанды қойды. Себебі баспасөз баяғыдай қаламақы бермейді. Сол кезде өндірте мақала жаздым. Тіпті, кей күндері екі-үш мақаладан жазған кезім бар. Екі жылдың ішінде екі жүзден артық мақала жазыппын. Ол барлық газетке басылып жатты. Кейін «Ара» журналында, «Түркістан» газетінде журналист болдым. Обалы не керек, «Түркістанды» ашқан Қалтай Мұхамеджанов ағамыз оны елге пайдалы үлкен газет қылды. «Түркістан» атауын біздің елге тән ұғымға айналдырды. Алайда сол кезде басылымның тиражын көтеру қиындау еді. Газетке негізінен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының оқырмандары зор қолдау көрсетті. Зейнетке «Түркістан» газетінде істеп жүріп шықтым. Сондықтан бүгінде өздерің жұмыс істеп жүрген газет – маған өте ыстық, қадірлі басылым.
Кей қаламгерлер жұрт көзіне жиі түсетін белсенді болады, ал енді кейбірі шаруасын тым-тырыс атқарып, ел назарынан шеттеу жүреді. Осының екінші тобына жататын, әдебиетіміздің ақсақалдарының бірі Сейфолла Міркемелұлы – 65 жылдан бері көркем сөз әлемінде тер төгіп келе жатқан қаламгер. Көптеген кітаптың авторы. Поэзия, аударма, журналистика саласында еткен еңбектері елеулі.
− Сейфолла аға, қазақ әдебиетіне еңбек сіңірген ақсақалсыз, бұйырса жақында 85 жасқа толғалы отырсыз. Үлкен кісінің өмірі жастарға өнеге ғой, алдымен ғұмыр жолыңызды қысқаша шолып шықсақ.
− Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда дүниеге келдім. Сол ауданда қазақтың белгілі қаламгерлері − атақты драматург Қалтай Мұхамеджанов, белгілі аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев, ақын-сыншы Әбірәш Жәмішевтер туған. Тереңөзекте 8-сыныпты бітірген соң 9-10-сыныптарды Қызылорда қаласында тұратын жалғыз апамның үйінде жатып оқыдым. Жездемнің аты – Қойшыбек, сол кісінің Тайшыбек атты інісі мені өзінің туыстары болып келетін 1-Май мектебінің директорына алып барып, 9-а сыныбының партасына отырғызды. Ол сыныпта 15 бала бар екен, 16-болып мен қосылдым. Ол сыныпта кілең басшылардың балалары оқиды екен. Сынып жетекшіміз Қызылорданың атақты дәрігері Ыдырысов деген кісінің зайыбы болды. Өзі – мәдениетті, келісті татар қызы, химия пәнінің мұғалімі.
Біз ауылдан келген баламыз, қаланың балалары мүлде бөлек екен. Бұлар біз секілді сабағын оқып, тым-тырыс үйіне қайта бермейді, мұғалімдермен айтысып-тартысып отырады. Кілең жұлқынып тұрған пәле. Бірде тіпті физика пәнінен сабақ беретін мұғалімнің біліміне көңілі толмай директорға арызданып, оны бізге сабақ беру құқығынан айырып, төменгі сыныптарға жіберткізді. Сол бірге оқыған жігіттердің бәрі кейін бастық болды. Мектепті бітіруге тақағанда Алматыдан бір әйел келіп, шамасы жергілікті балаларды оқуға тартуға келсе керек, бізге «Алматының мединститутына бала жетпей жатыр, елімізге білімді дәрігерлер керек, сондықтан соған оқуға барыңдар» деп үгіт жүргізді. Менің әкем де шөптен дәрі жасайтын тәуіпшілігі бар, молда кісі еді, соның әсері болса керек − менің де дәрігер болғым келді. Мектепті бітіріп ауылға барсам, әкем мені үйлендіргісі келіп отырған екен. Менің есіл-дертім оқу. Сөйтіп, әрі-сәрі болып жүргенде бірде әкем ауылдағы бір кісінің үйіне «пәленшеде 300 сом ақша бар еді, соны алып келші» деп жұмсады. Ақшаны алып тұрып ойландым: «ауылда қалсам маған оқу жоқ, осы 300 сом маған Алматыға баруға жетеді ғой» дедім де Қызылордаға тартып кеттім, үйге айтпай. Қалаға барып құжаттарымды алдым да мектепті бітірген соң екі-үш жігітке еріп, пойызбен Алматыға тартып кеттім. Бұл – 1956 жыл. Алматыға түскенде, шынымды айтсам, қала көзіме тым қораш көрінді. 1-Алматы теміржол вокзалы біздің атамзаманда салынған Қызылорданың теміржол вокзалының қасында вокзал деуге келмейді тіпті. Бұл маған біртүрлі әсер етіп, «Елдің астанасы дейміз, мынаусы қалай?» деп ойладым.
Қасымдағы жігіттердің бірінің қазіргі Абылайхан көшесінде тұратын туысы бар екен, соған орналасып болып мединститутқа келсек, оқитын бала табылмай қараң қалып жатқан түгі жоқ, институтта абитуриент дегенің толып жүр. Құжатты үш күн жүріп зорға тапсырдық. Кейін білдік, біз тапсырғанда бір орынға 17 баладан келіпті. Институтқа 8 сабақтан емтихан тапсырып, өте алмадым. Ауылдан шыққанда 300 сом ақшам бар еді, советтің көне ақшасы ғой, соның 150 сомына Қызылордадан пойызға мініп келгем, қалған 150 сомын Алматыда жатқан үйде ұрлатып алған соң, қайтарда пойыздың төбесіне мініп қайтуға тура келді. Ауылдағы әдет қой, билет жоқ болса вагонның төбесіне мінетін. Пойыздың төбесінде бара жатқанда бас киімім ұшып кетті. Бірақ оған ренжімей, «бас киімімді алып қалды ғой, Алматыға тағы да келетін шығармын» деп жақсылыққа жорып қойдым.
– Елге оралған соң не істедіңіз? Оқуға деген ынтаңыз суып қалмады ма?
− Сонымен итшілеп Қызылордаға да жеттік. Ақшасын қалтаға басып, рұқсатсыз кетіп қалған адамбыз, әкенің бетін көру қайда? Қалаға келген соң, қалайда ақша табудың қамына кірісіп, сексеуіл дайындайтын жерге жұмысқа тұрдым. Бар ойым − қолыма ақша түссе тағы Алматыға жету. Әлгі жерде екі жарым айдай жұмыс істеп, 2 жарым мыңдай ақша таптым. Жездем өзіне жайлы, тілалғыш баладан айырылғысы келмейді, «прорабтың оқуын не шопырдың оқуын оқы, өзім ақшасын төлеп оқытамын» дейді. Мен қалай да мединститутта оқимын деймін. Ренжіп қалды. Бірақ сексеуілде жұмыс істейтіндерге беретін бір машина отынды үйіне түсіртіп, риза қылып кеттім. Сөйтіп, Алматыға жеттім. Бірақ бұл жолы да мединститутқа оқуға түсе алмадым. Үшінші рет тағы да сол оқуға құжат тапсырған соң Алматыдағы №75 құрылыс тресіне жұмысқа тұрдым. Сонда мына Сайран көлі жоқ еді, соның орнын ойып жасанды көл жасауға қатыстым. Тас уататын агрегатта жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде 1958 жылы Мәскеуде қазақ мәдениетінің декадасы болатын болып, баспа мен баспахананың арасында барып кел, шауып келде жүретін курьер керек болып жатыр дегенді естіп, соған жұмысқа өтіп кеттім. Баспаның бастығы – академик Мұхамеджан Қаратаев. Бұрын аты-жөнін сырттай ғана білетін қаламгерлерді көргеніме мәзбін. Бірақ ол кезде қаламгер боламын деген ой жоқ. Мектептегі қазақ әдебиетінің оқулығын жазған Баламер Сахариев, Айқын Нұрқатов, Серік Қирабаев деген кісілерді көрдім. Мен оларды жасы жер ортаға келген адамдар шығар десем, бар болғаны бізден он-он екі жас қана үлкен жас жігіттер екен. Таңғалдым. Мұхаңдарды, Сәбеңдерді көріп тұрам. Маған соларды көріп жүрудің өзі бір романтика!
Айлығым – 60 сом. Курьермін. Өтебай Тұрманжанов деген баспада балалар бөлімінің бастығы. Сонда істейтін Мариям Хакімжанова деген ақын апамыз, өзі бір ғажап адам, мені әңгімеге тартып, әдебиет туралы не білетінімді сұрайды. Оқыған кітаптарымды сартылдатып айтып беремін. Біраз уақыт өткен соң «балам, әдебиетті жақсы біледі екенсің, шығарма жазуға талпын, өлең жаз, әңгіме жаз» дейтін болды. Ол кезде әдебиеттің ауылы маған тым алыс сияқты. Сондықтан Мәриям апайға «Апа, мен жазушы болмаймын, медик болғым келеді» деймін ғой баяғы. Сонда да ол кісі «медик болсаң бола бер, медик болып жүріп те жазуға мүмкіндік табасың» деп үміттендіруден танбайды.
– Әдебиетке келуіңізге не себеп болды? Қаламгерлер ортасында жұмыс істеуіңіздің әсері тиді ме?
– Бұл – өзі бір қызық. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылды. Сонда белгілі балалар ақыны Әнуәрбек Дүйсенбиев ағамыз жұмыс істеді. Өзі нар түйедей ірі кісі. Қайратты. Күнде көрісеміз, туыстай болып кеткен адам. Анда-мында жұмсаса жүгіріп кетем. Сол кісі бірде «Сейфолла мен сені інімдей жақсы көремін. Сен ше?» деді. «Аға, мен де сізді туған ағамдай көрем» дедім. «Онда мен саған бір тапсырма берем» деді. «Жарайды, жүгіріп алып келейін» деп жатырмын. Тапсырмасы, негізінен бір жарты алып келу ғой! «Жоқ, оны айтып тұрған жоқпын, − Әнекең. − Бұл жолы саған берілетін тапсырма − бір өлең не бір әңгіме жазасың». «Ойбай аға, ол қолымнан келмейді» деп шыр ете қалдым. «Неге қолыңнан келмейді? Мына жерде жарты жылдан аса уақыт жұмыс істеп жүріп, ештеңе үйренбедің бе?» деп ренжігендей болды ағам. Сол кезде алғашқы өлең кітабы жарық көріп, ақын болып желпілдеп жүрген Тұманбай Молдағалиев те Әнуәрбек ағаның сөзін қоштағандай, «бірдеңе жазбайтын болсаң, бұл жерде неғып жүрсің, кетпейсің бе басқа жерге» деп отқа май құйды. Әнуәрбек ағам айтқанын қыла қоймағаныма ашуланған болуы керек, оң қолымен басымды орай құшақтап қысып тұрып, «жазасың ба?» деді. Болмайды дейін десем, қарулы қолы жанымды көзіме көрсетіп бара жатыр, «жазайын, аға» дедім амалсыз. Ағам «саған он күн уақыт беремін, бір өлең не бір әңгіме жазып келесің, бітті!» деп қолын жаздырды. Шынымды айтсам, оқушы кезімде бір-біріне сөз айтқан қыз-жігіттерді мазақтап өлең шығарып, соның кесірінен таяқ та жегенмін. Одан өзге көркем шығарма жазу деген ой болған емес. Ал мына тапсырмаға әбден басым қатты. Шығарма және балаларға арналуы керек. Ойлана келе «Біріншіден не жаман, екіншіден не жаман...» деп келетін халық термесінің ізімен балаларға арнап он шумақ өлең жаздым. Сосын өзімше ізденіп «Бидай сөйлейді» деген үш шумақ өлең шығардым. Қарасам, жаман емес сияқты. Екі өлеңді қалтама салып алып жұмысқа кеттім. Бірақ оны шығарма ретінде қабылдайды деген ойым жоқ. Қабылдамаса да басым ауыра қоймайды, тек Әнуәрбек ағамның тапсырмасынан құтылсам болды. Он күннен кейін Әнекең «Әй бала, тапсырма не болды?» деді. «Жоқ аға, жаза алмадым» деймін қысылып. «Сен ақымақ кімді алдап тұрсың, уәде бергенің қайда?» Сосын амалсыз «Не жаман?» деген өлеңімді қысыла-қысыла ағамның қолына ұстаттым. Жұрт оқыса күле ме деп қорқамыз ғой баяғы. Бір кезде оқып шығып, «ой, айналайын, бізге керегі де осы еді ғой» деп қуанып, мені құшақтап, «жаза алады екенсің ғой, міне, тым жақсы өлең» деп мәз болып жатыр. Содан оны «Балдырғанға» апарып бастырайын десе, анау-мынауды жақтырмайтын редактор Мұзафар Әлімбаев келісім бермейді, «мұндай өлеңнің керегі жоқ» деп. Сөйтіп жүргенде Мұзағаң демалысқа кеткенде Әнекеңдер журналдың бір материалын алдырып тастап, орнына менің өлеңімді салдырып жіберген. Содан редактор келіп айқай-шу болған. Бірақ басылар өлең басылып кетті. Ол кезде санаулы газет-журналдар ғана ғой бізде, оларға шыққанды елдің бәрі оқиды. Балалар жаттап алған. Таныс-білістердің үйіне барсам, олар балаларына «Сейфолла ағаңның өлеңін оқы» дейді балаларына, олар зуылдатып айтып шығады. Онымен де тұрмай әлгі өлең 3-сыныптың «Ана тілі» оқулығына еніп кетті. Ауылда Қанапия Дәрібаев деген ақын бар, сол ағам мені мазақтайтын: «20 жасыңда бір өлең жазып бүкіл Қазақстанға танылдың. Енді 40-қа келгенде бір өлең жаз, атыңды күллі Советтер одағы білетін болады. Сосын 60-қа келгенде бір өлең жазсаң бүкіл әлемге таныласың» деп. Сөйтіп әдебиетке келдік. Жиі жаза бастадық. Топтама өлеңдерім 1961 жылы жас ақындардың «Жас дәурен» жинағына шықты. Кейін балаларға, үлкендерге арналған кітаптарым шықты. Медик болу бұйырмады, 1966 жылы ҚазМУ-дің филология факультеті журналистика бөлімін сырттай оқып бітірдім. Ауылдың қызымен бас қостым. Сол кезде әкем қайтыс болды. Сосын елден өгей шешемді алдырып едім, ол кісі бұл жақты жерсінбей, елге қайтып кетті. Баспада жүргенде «Көк базардың» жанында қазіргі Қонаев көшесіндегі қазынаның шағын пәтерінде тұрдым. Онда менен бұрын соғыста қайтыс болған ақын Абдолла Жұмағалиев, ақын Қайрат Жұмағалиев тұрған екен.
− Журналистикада да біраз жыл еңбек еткен екенсіз?
− Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін нарық заманы басталды ғой. Сол кезде жұрт газеттерге мақала жазғанды қойды. Себебі баспасөз баяғыдай қаламақы бермейді. Сол кезде өндірте мақала жаздым. Тіпті, кей күндері екі-үш мақаладан жазған кезім бар. Екі жылдың ішінде екі жүзден артық мақала жазыппын. Ол барлық газетке басылып жатты. Кейін «Ара» журналында, «Түркістан» газетінде журналист болдым. Обалы не керек, «Түркістанды» ашқан Қалтай Мұхамеджанов ағамыз оны елге пайдалы үлкен газет қылды. «Түркістан» атауын біздің елге тән ұғымға айналдырды. Алайда сол кезде басылымның тиражын көтеру қиындау еді. Газетке негізінен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының оқырмандары зор қолдау көрсетті. Зейнетке «Түркістан» газетінде істеп жүріп шықтым. Сондықтан бүгінде өздерің жұмыс істеп жүрген газет – маған өте ыстық, қадірлі басылым.
– Аудармамен де біраз айналысқаныңызды білеміз. Соның бастылары туралы айта кетсеңіз?
− Мен Шығыс әдебиетімен бала жастан таныспын. Әкем кешкісін шамның жарығымен Мұхаммед пайғамбар туралы қиссалардан тұратын «Сияр-Шәріп» дастанын оқып беретін. Соның ырғағы құлаққа әбден сіңісті болып қалған ғой, соның әсерімен парсының ірі ақыны Әбдірахман Жәмидің шығармаларын аудардым. Сөйтіп, кезінде шығыс әдебиетінің аудармашысы ретінде танылғаным бар. Ғабит Мүсіреповтің ұсынысымен Қалтай Мұхамеджанов араб әдебиетінің орта ғасырдағы классикалық шығармасы, әйгілі «Мың бір түнді» аударды ғой. Түпнұсқасында бұл шығарманың көлемі 200 томнан асады екен. Оны Батыс елдері 12 том қылып ықшамдап аударған ғой. Кейін 8 том болып қайта шыққан. Сол нұсқасы орыс тіліне тәржімеленген. Оны Қалағаң қазақшалады, өлеңдерін мен аудардым. Ол 12 мың жолдан тұрады. Жалпы, біткен іске сыншы көп қой, «Мың бір түннің» 6 томы аударылып жарияланғаннан кейін бір рецензия шықты. Онда Қалағаңның аудармасын мақтайды да, мен аударған өлеңдерді әкесін танытып тұрып сынайды келіп. Бұл өлеңдерді Сағи, Тұманбайлар аударуы керек еді деп. Әрине, бұл екі ақынның мықты екеніне дау жоқ, бірақ олардың құлағына діни бояуы қалың Шығыс әдебиетінің ырғақтары мен секілді жасынан сіңген жоқ қой. Ақындық шеберлік бір бөлек те, материалды сезіну деген бөлек нәрсе емес пе? Соны түсінбеген сыншыға не дейсің енді? Ол тұра берсін, содан бір он күн өткеннен кейін тағы бір ғалым-сыншы «Мың бір түн» туралы мақала жазып, менімен қоса Қалтай ағаның да аудармасын іске алғысыз етті. Бірақ ол бәрібір халықтың қазынасына айналды. Арада біраз уақыт өткенде Қызылорда облысын Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарып тұрғанда сол өлкеден шыққан қаламгерлердің шығармаларынан құрастырылған «Сырдария кітапханасы» деген сериямен 200 томдық кітап шықты. Соның 8 томына Қалағаң екеуміз аударған «Мың бір түн» кітабы енді. Сол сериямен менің де 3 томдық өлеңдерім кітап болып шықты. Айта кетейін, өзімнің поэзиямның өз қалауыммен дұрыс кітап болып шыққаны сол болды.
– Түрлі тұлғаларға арналған кітаптарды да құрастырып шығарыпсыз. Бейнеті көптеу бұндай жұмысқа жегілуіңіздің себебі не?
– Жалпы, үлкен тұлғалар халқы үшін қанша еңбек етсе де, онысын міндет қылмаған. Яғни, мен оны істедім, мұны жасадым деп жарияға жар салмайды. Бірақ олардың өмірдегі өнегелі жолын өзгелер үлгі етуге тиіс қой. Мен мұны сезіне алған адамның бірі ретінде қазақтың атын шығарған, халқына адал еңбек еткен тұлғалардың азаматтығын дәріптеу қажеттігіне көз жеткізіп, осы жолда аздаған шаруа тындырғаныма шүкірлік етемін. Біраз жыл «Қазақфильмде» аудармашы-редактор болып жұмыс істедім. Сол кезде кино саласының мамандары туралы тереңірек біле бастадым. Абдолла Қарсақбаев деген мықты қазақ режиссері болды, керемет кинолар түсірген. Ұлтына өте таза адам еді, жарықтық. Сол кісі туралы «Қазақ киносының Құлагері» атты естеліктер жинағын шығардым. Кезінде оның өмірдің шынайы болмысын ашып берген, жалғандықтан ада фильмдері Мәскеуде кино оқуын оқып жүргендерге үлгі ретінде көрсетіледі екен. Қалтай Мұхамеджановтың кім екенін қазаққа таныстырудың керегі жоқ, ол кісінің керемет әзілдері ел аузында аңыздай айтылады. Тапқырлығы өз алдына бір керемет дүние. Сол туралы «Қалтайдың қалжыңдары» деген естеліктер кітабын шығардым, ішінде өзінің айтқан керемет қалжыңдары бар, екі рет басылып шықты. Жұбан Молдағалиев деген атақты ақынымыз бар ғой, «Мен − Қазақпын» атты поэмасы әлі оқылып, айтылып келе жатыр. Кезінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған. Әйгілі Желтоқсан оқиғасы тұсында Колбинге тайсалмай қарсы шыққан батыр ағамыз. Сол кісі туралы естеліктер кітабы шықпаған екен. Соны Әбілмәжін Жұмабаев екеуміз құрастырып шығарғымыз келіп еді, кеңес өкіметіне қарсы сөз сөйлегендіктен, оны шығарту мүмкін болмады. Бірақ бәрібір он жылдан кейін шығартуға қол жеткіздік. Басқасы басқа, Жұбанның жерлестері де ол кітапты («Мен − Қазақпын») жалғанның жарығына шығаруға тәуекел ете алмағанда «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабаев «әкеліңіз, шығарамыз» деп азаматтық көрсетті. Кітаптың құрастырушысы болдым, алғы сөзін, соңғы сөзін жаздым, ішіне өзімнің жазған бір мақаламды енгіздім. Сөйтіп, қазақтың бір тұлғалы ақынының алдындағы інілік парызымды өтедім. Қазақта адамдық болмысы таза, ұлтын сүйетін қаламгер деп мен өзім көргендердің ішінде Қалжан Нұрмаханов пен Тахауи Ахтановты айтар едім. Екеуі де сондай бір ғажап жандар еді, көңілінде кісіге деген қылаудай арамдығы жоқ. Тахаңның 90 жылдығы тұсында қасыма Бекарыстан Мырзабай, Сәмен Құлбарақ деген жігіттерді алып, «Арыстан жалды заңғар жазушы» деген естеліктер кітабын шығардым. Кітаптың атын да өзім қойдым. Ол да Жарылқасын Нұсқабаевтың баспасынан шықты. Кітапта Тахауидың қаламгерлік, азаматтық тұлғасын жарқыратып ашып көрсеткен материалдар мол. Мәселен, алғысөз ретінде берілген ұлы Мұхтар Әуезовтің Тахауиға жазған хаты керемет қой. Өзімнің естелігімде де оның Мұқағали мен Бердібек Соқпақбаевқа қандай азаматтық жасағанын жаздым. Жақсының жақсылығын айтқанға не жетсін! Қазақ қаламгерлері туралы көп мақала жаздым. Төрт том болып тұр. Соның «Қанаты қырқылған қырандар» деген бір кітабы ғана жарық көрді. «Бала болмай дана боп туғандар» деген екінші кітапты баспаларға тапсырып едім, хабар жоқ. «Ағалар жолын қуғандар» деген үшінші кітап та құрастыруын күтіп жатыр.
− Сіздің шығармашылығыңыздың бастауы өткен ғасырдың 60-жылдарында жатыр ғой. Сол кезде поэзиямызға келіп, танымал тұлғаларға айналған белгілі ақындар туралы сұрағымыз келіп отыр...
− Ол кездегі ақындардың біразымен жүздестік, біразымен жақын араластық. Бәрі туралы жаздым, соның ішінде Өтежан Нұрғалиевке 4-5 мақала арнадым. Қайбір жылы осы қалада бір өзеннің жанында Сәрсенбек Жұмабеков деген шиелілік ақын жігіт екеуміз пәтерде тұрдық. Бізге жақын жерде Өтежандар тұрды. Ол кезде Өтежан сұмдық ақын, өлеңдері керемет. Анау-мынауға мойын бұрмай, шалқақтап жүреді. Бір күні Сәрсенбек сыртқа шығып кетіп еді, іле қайтып кіріп «Сәке, сені Өтежан шақырып жатыр» деді. Барсам Өтежан «Сейфолла, мені бір азамат шақырып, жиырма шақты жігіт ертіп кел деп еді, адам таппай тұрмын, соған бірге барып, сыйын көріп қайтайық та» деді. Сонымен Өтежан бізді Панфилов паркіндегі ресторанға бастап барды. Ол жерде он бестей адам жиналды. Бір кезде бір ірі жігіт келіп, бәрімізбен амандасты да, кіріңіздер деді. Ресторанда біздерден басқа ешкім жоқ. Әлгі жігіт тамақ, су, шарап әкелгендерді басқарып жүр. Арасында өзі де оларға қолғабыс жасап қояды. Төрде Өтежан отыр. Бір кезде жаңағы тұлғалы азамат бір құшақ «Социалистік Қазақстан» газетін әкеліп, Өтежанның алдына қойды. Ол газетті бәрімізге бір-біреуден алғызды. Қарасақ, газеттің бірінші бетінде 6 шумақ өлең басылыпты, астында Мұқағали Мақатаев деген аты-жөн тұр. Өтежан бізге ірі жігітті көрсетіп, «Мұқағали Мақатаев осы, мына өлеңін бізге жуып отыр» деді. Сөйтсек, бізді шақырған Мұқағали екен. Кезек-кезек тост айтып, арақ-шарапты алып қойып, тамақты жеп болған соң Мұқағали Өтежанға қарап «Ал батаңды бер» деп еді, Өтежан: «Оқи бер, оқи бер − білімді боласың, жаза бер, жаза бер − үлкен ақын боласың, аллаһу әкпар!» деп бетін сыйпады. Бір өтірігі жоқ, өз көзіммен көргенім осы! Мұқағалиды да алғаш көргенім сол. Мұқағали өте ақ көңіл жақсы жігіт еді. Кейін аты шығып, атағы дүрілдеуінің бәрі сол адалдығының арқасында шығар деп ойлаймын. Төлеген Айбергенов ерекше аруақтанып жүретін. Бір жерге барса, біреу тост айтып не сөйлеп жатыр ма, оған қарамай, кезексіз сөйлеп, өзі өлең оқып билеп-төстеп кете беретін. Ол туралы жазғаным бар.
Өмірзақ Қожамұратовты көрген жоқпын, өлеңдерінен үлкен кеңістік көрініп тұратын. 60-жылдардың біраз ақыны әлі кібіртіктеңкіреп тұрғанда, соларға әсер етіп, солардың ақындығына серпін берген Өмірзақ поэзиясы болатын. Оны көп жұрт айтқысы келмейтін шығар, бірақ адал зерттеп қараған адам болса оны сезінер еді. Алматыда аз ғана уақыт бір ақын әйелмен тұрған кезінде, соның үйінде біраз өлеңдері қалып кеткен дегенді есіттім...
Сағи Жиенбев тамаша лирик ақын еді. Қадыр мен Жұмекен − философ ақындар. Бәрінің де мұрасы ұлттың асыл қазынасына айналды ғой.
− Үстеліңіздің үстінде жинақталып қалған қолжазбаларға қарасам, қызу бір іске кірісіп жатқан сияқтысыз?
– Жас та ұлғайды. Денсаулық та онша емес, бір көз көрмейді, алайда бітіретін шаруа аз емес. Кезінде онша мән бермедік пе, әлде өмірдің қарбаласынан қол тие қоймады ма, жинақтауым керек көп дүниелерім бар екен. Арасында өзімнің жазған әдеби мақала-естеліктерім, жұрттың мен туралы жазғандары баршылық. Соларды шетінен реттеп, жинақтап, кітапқа айналдыруға қам жасап жатырмын. Көптомдығымды шығарсам ба деген ой бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ