Жыраулардың сарқыты еді...
Қазақ қара өлеңінің қазыналы сарайын жауһарға толтырып, жыраулық дәстүрді жаңаша жаңғыртқан жампоз шайыр қайран Несағам!
Қаршадайынан көненің көзі Шәкір абыздың сарқытын ішіп, мұзбалақ Мұқағалидан бата алып, әдебиет әлемін сан түрлі бояумен, сан қилы нілмен байытып, ана тілінің ажарын, қуатын, құнарын аша түскен ақынынан айырылу алаштың қабырғасын қайыстырып кетті. Кетбұға мен Сыпыра, Бұқар мен Ақтамберді жыраудың көне соқпағын жалғаушы Несағаңның аузынан шыққан лебіз ән болып таралды, әз жұртының жүрегін әуенмен әлдилеп, қаһарман халқымыздың сан ғасырлық ерлік шежіресін желілес дастандармен бедерлеп-безеп эпопеяға айналдырды. Биылғы жылдың өзінде Аманкелді батыр, Қабан жырау, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан, Қаныш, ғарышкер Тоқтар батыр, Көкжайдақ тұлпар турасында іркес-тіркес жеті дастан жазып, шашасына шаң жұқтырмай, тұлпар қаламы, сұңқар үні саңқылдады. Кеше ғана кемеңгер Әлішер Науаи елінде түркі әлемінің жарық жұлдызына айналды, әйгілі «Хамсаның» «Ескендірдің қорғаны», «Ләйлі-Мәжін» дастандарын оқырманға жеткізіп, Өзбекстанның Науаи ауданының құрметті азаматы атанып, түбі бір туыс елдерге парасат мұнарасынан үн қатты.
Ақын Несіпбек Айтұлы – шын мәнісінде азаттықтың бозала таңы атысымен тұсауы шешілген тұлпардай кең көсіліп жүйткіген, өтпелі кезең өткелегінде тосырқап қалмай толассыз жыр нөсерін селдеткен қазыналы қалам иесі. Төкпе ақын кең тынысты эпикалық поэмалар шоғыры, шымыр толғаулары мен нәзік лирикалық өлеңдері арқылы Қазақстан тәуелсіздігінің күміскөмей жыршысына, жампоз жаршысы болды. Оның тәуелсіз еліміздің көк аспанында желбіреген көк байрақтың киесінен шабыт алып жазған поэмалары халқымыздың басынан кешкен қаһармандық тарих пен бүгінгі өмір-тіршілігімізді жымдастыра жырлауымен айырықша маңызға ие. Мазмұндық тұрғыдан бір-бірімен тығыз сабақтасқан салалас поэмалар циклі дәуір мен тарихи оқиға үндестігі жөнінен де ішкі бірлік үйлесімін сақтап, жалпы жинақтағанда алаштың тұтас ерлік дәуренінің эпопеясы секілді әсерге бөлейді. Бұл байтақ дастандарда жұртымыздың қаһармандық тарихы мен азаттық рухының қадау-қадау кезеңдері, халқымыздың басынан кешкен түрлі нәубет, қилы зобалаңдардың тұтас панорамасы шеберлікпен сомдалады. Ақынның «Жалаңтөс», «Төлегатай», «Сардар», «Ту», «Наурызбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Баймұрат батыр», «Амангелді» секілді поэмаларында арғы-бергі тарихымыздағы халқымыздың азаттығы үшін жанын пида еткен хандарымыз бен билеріміздің, жаужүрек батырларымыздың жауһар галереясы жасалған. Ұлы даланың қасиетті топырағы үшін азулы империямен айқасқан хан Кене бастаған, Тайжан, Сейтендер қостаған ерлер туралы «Ақмола шайқасы» поэмасында суреттелсе, осы тақырыпқа үндес туған кеңестік отаршыл өктем жүйеге арыстандай арпалысқан мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің табанды күресі «Жер – жаннан қымбат» дастанына арқау болады. Халқымыздың басынан кешкен нақақ қуғын-сүргін, аштық нәубет «Көкала үйрек», «Танабай», «Ахмет», «Қаныш» секілді поэмаларда көрініс тапқан. Ақынның поэмалар шоғыры – өткен тарихтың жалаң оқиғаларының тізбегі емес, отанымыздың азаттығы жолында жанталасқан бұрынғы бабалар басынан кешкен қымқуыт өмір-тіршіліктің жанды суреті, ғибратты дәрісі, көркем шежіресі. Ақын бүгінгі ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртумен бірге кейіпкерлердің шиеленіскен драмалық тартысы мен қақтығысы арқылы оқырманның ар-намысын қамшылап, ыстық сезімнің шарпысына бөлеп, өткеннен ащы сабақ алып, бүгінгі күні қапы қалып өкінбеуге, болашаққа адаспай айқын қарауға үйретеді. Ұлы даланы уысына ұстаған қаһарман дана бабаларымыздың ерлігі мен осал тұстарын ақындық аңқылдаған ақ жүрекпен бүкпесіз ашық жырлап, шындықты бетің-жүзің демей әшкере етіп, тәуелсіз елімізге көлеңкесін түсіріп отырған келеңсіз құбылыстардың себеп-салдарына сын жебесін қадайды. Осылайша, сұлу поэзия арқылы өткен тарихты мақтан тұтатын даңғаза мен дақпырттың қоймасы емес, бүгінгі күнімізге сәуле түсіріп, болашақ мұратымызды шыңдайтын, ұлттық бет-бейнемізді түгендеп түлететін құнды құрал ете білуі – ақынның өнернамалық темірқазығы. Ақын қазақ мемлекетінің дәстүрлі бас рәмізінің бірі байраққа арнап «Ту» атты поэма жазды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында болмаған тың құбылыс деуге негіз бар. Бұрынғы ақындарда туға, байраққа, жалауға арнаған жекелеген өлеңдер, жыр шумақтары болғанымен, бұл тақырыпта тұтас поэма әлі туған жоқ еді. Ақын Н.Айтұлының көлемді «Ту» поэмасы қазақ хандығының хан Абылай, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбайлар көтерген қасиетті байрағын бүгінгі азат отанымыздың аспан түстес көк туымен сабақтастықта екенін жырмен кестелеп, майдан даласында өзі шәйіт болғанымен, қолындағы туды жықпаған сарбаздың ерлік образын арқау етуімен патриоттық тағылымы зор болған. Қазақ елінің қасиетті байрағын қанды шайқаста қас қақпай күзетіп, өзі құрбан болғанымен төмен түсіріп құлатпай, үзеңгілес нөкерлеріне табыстай алған Қазымбеттің қайсарлығы – адамзат тарихында да кездесе бермейтін сирек ерліктің үлгісі. Әлбетте, осыған ұқсас оқиғаны арқау еткен поэма да, ондай ерді тудырған халық та, жыр еткен ақын да, менің білуімше, әлемдік әдебиетте жоқ секілді. Жырда хан Абылай, Бұқар жырау, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбайлардың тұлғасы эпизод-штрихтармен сомдалғанымен, поэманың бас кейіпкері – Қазақ ордасының туы, оны көтерген тубегі сарбаз Қазымбет, сол қасиетті байрақтың қайта жаңғырған бүгінгі жалғасы – Көк байрақ. Бұл поэманың ерекшелігі сол, мұнда оқиғаның шарықтау шегінде бас кейіпкер –Ту мен ту ұстаушы Қазымбеттің күрделі тағдыры бетпе-бет түйіліседі, тартыс ұлғайтылып, кәнігі эпик ақынның машықты шеберлігі оқырманды тағы да тәнті етеді. Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында, Көргендер аң-таң қалды алғашында. Байрағы қолындағы желбірейді, Өзінің көрінбейді жан қасында. Болмастан ойларында ешбір қауіп, Батырлар сатырлатып келді шауып. Күйінде ту ұстаған қатып қапты, Өлсе де құламаған аттан ауып. Қос жебе қатар тиіп өндіршектен, Аққан қан омырауын кеткен жауып. Поэма трагедиямен аяқталғанымен, қасиетті шәйіт арқылы жеңістің рухын асқақтатып, бүгінгі бейбіт өмірдің, киелі көк байрақтың құнын бағалауға ұрпаққа ұлағатты үндеу тасталады. Жыр соңында ту ұстап қатып қалған Қазымбет пен қасиетті Ту тұтас тұлғаға ерлік үшін тұрғызылған алып монумент мүсінге айналғандай әсер етеді: Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең, Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем. Түбінен тудың сабын қатты қысып, Қарысып саусақтары қалған екен. Қолынан туын алып ел әзерге, Тапсырды қайран ерді қара жерге. Байрақты жас жігітке беріп тұрып, Дарабоз былай деді қарап елге: – Күн туар деген рас ұл туғанға, Түсесің от пен суға жұртың барда. Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет, Артында желбіреген ту тұрғанда! Алайда Қазақ ордасының Қазымбеттей талай ерлер күзеткен алып туы ғасырлар керуенінде қолдан тайып, көзден таса болып, қайран алаш отарлық кебін киіпті. Ту туралы түсінік те көмескіленіп, намыс та енжар тартып, елжандылық сезімге де селкеу түсіріліпті. Себебі бас рәмізіміз Тудан да айырылған, кері кеткен сәтіміз болыпты: Кең дала қасіреттен тұрды аңырап, Халықтың көкірегі құр қаңырап. Байрағы Бостандықтың көзден тайды, Басымен хан Кененің бірге құлап. Жаулар Қазымбетті атқанымен, Туды құлата алмағаны секілді хан Кене шаһит болғанымен, оның рухы мен ойы азаттық болып оралыпты, осындай сансыз ерлердің дәстүр жалғастығы бүгінгі туға сіңіп, қазақ елінің байрағы көк аспанда қалықтап тұр. Азат елдің астана төріндегі алып байрағы ақынға шабыт сыйлап, осы поэманың тууына күш бергені сөзсіз. Ақын бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа табыстап, көк тудың сабынан ар-ожданы таза азаматтар ғана ұстауға тиісті екенін ұқтырып, отаншылдық сезімді дәріптейді: Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген, Қашанда қиянаттан қазақ өлген. Көк тудың қасиетті киесі атар, Сабынан ұстамасаң таза қолмен! Жығылмас ешқашанда елі жарға, Алдында ту ұстайтын Ері барда! Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр, Тілегін аңсап күткен беріп Алла! «Ахмет» туралы поэмасында ұлт ұстазының бойына күрескерлік рух атаның қаны, ананың ақ сүтінен дарығанын бас кейіпкердің балалық шағында болған деректі оқиғалар арқылы көркемдікпен көмкеріп бейнеледі. Әсіресе, ағайын арасындағы алауыздық ынтымаққа сызат түсіретін сынаға айналып, қазақ қанша мықты болғанымен, бөгдеге оңай жем бола салатын асқынған дерт екенін жырлап, ұрпаққа ащы сабақ етіп ескертуі маңызды: Жақыны жау боп шығып қасындағы, Қазақтың түрмеде өлді асылдары. Жіберіп Байтұрсынды он бес жылға, Ояздың жанға батты басынғаны. Ахмет, Ақтас аталар Сібірге айдалғанда, қасынан қалмай итжеккенге аттанған Үбіжан ана бейнесі арқылы отағасы мен отбасына қызмет етуден басқадай асыл мұраты болмаған, ері үшін тозаққа бірге барудан да тайсалмайтын қазақ әйелінің өр рухын мүсіндейді: Бұл өмір тар қапас қой тірі жанға, Тарылып діңкең әбден құрығанда. Ерлерге күтуші боп бірге кетті, Ақтастың бәйбішесі Үбіжан да...
Жолығар өлі балық өлмес құлға, Оралды Байтұрсындар он бес жылда. Мәңгілік мұз төсеніп, қар жамылған, Үбіжан қайта айналып келмес мұнда. Үбіжан ананың соңғы тағдыры көкірекке шер ұялатады, оның асыл ісін поэмада Бадрисафа апаның жалғастырғаны ананың ақ жүрегі қашаннан адалдық пен қайсарлықтың ұясы екенін әйгілеп тұрғандай. Алаш ардақтысын абақтыда оққа байлаған сәт жүрегіңді шымыр еткізіп, зұлмат заманның сойқан кесапатын көзге елестетеді: Құр бекер, бұлқынғанмен ендігі амал, Алаштың басына шын төнді зауал. Ахаңды алып шықты қара түнде, Салғандай сұмырайлар алдына мал. Басына қап кигізді, қолын байлап, Әкетті тірі жанды өлімге айдап, Иманын үйірді іштен, тас бекініп, Денесін дір еткен бір сезім бойлап. Тәуелсіздік пен ел бірлігі – қай поэмасын, қай өлеңін оқысақ та ақынның ой-парасатының алтын қазығы, ұждан төрінен естілетін жанайқайы. «Ахмет» поэмасында да бұл сарын бебеулейді: Бостандық болмаған соң ел басында, Қарамас жүйріксің бе, жорғасың ба? Айменен шағылысқан алтын басың, Қор болар қой боғындай қорғасынға. Ақынның лирикалық өлеңдері мен толғаулары шынайылығымен, ыстық сезіммен суарылған ой семсері секілді лыпылдаған өткірлігімен оқырманын таңдандырып келеді. Оның өлеңдерінде бүгінгі өмір-тіршілігіміздің бүлкілдеген қан тамыры, замандастарымыздың кескін-келбеті, мінез-құлықтардың алуан түрлі пішіні сомдалады. Қазіргі тәуелсіз елімізге, ұлттық мүддеге кесірін тигізетін тоғышарлық пен тоңмойындық, мәңгүрттік, мақаулық пен самарқаулықты қатаң айыптаған ақынның шерлі өлеңдері зарлы толғауларға ұласады. Өмір өтті арпалыспен, тартыспен, Кездерім көп артық кеткен, кем түскен. Бабалардан маған дейін ұласқан, Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен. Қасіреттен қаны қайнап қарайған, Күн астында күңіренген талай жан. Бізден асып болашаққа жалғасар, Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан. Ақын жырының соңында «Ұлы қайғы жанымды жеп жегідей, жеті түнде ұлиды кеп бөрідей» дегеніне шүбәсіз сенесің. Өйткені аймаңдай ақын – өлең-өмірі арқылы бүтін болмысымен әз халқымен тұтасып, қабысып, оның сыңарына, баламасына айналған лирикалық тұлға. Сол себептен де ақынның: Жырым менің – мұңдасым, сырласым да, Көз жасым бар мөп-мөлдір тұнбасында. Бір басында ол тұрса таразының, Ал, тағдырым тұрады бір басында! – дегеніне шүбәсіз иланасың. Ақынның хас шеберлігінің арқасында оның өлеңдері мен толғауларында ана тіліміздің ажары мен базары жарастықпен жарқырап, тіліміз бен діліміздің, дәстүріміз мен салтымыздың жүйесі жаңаша қырынан құлпырып түлей түсті. Өлең өрімінің көркемдік кестесі ежелгі жыраулық дәстүрмен етене сабақтас, шығыстық нілі басым, теңеу, балама, рәміз тұспалдары әпсана-ертегілік, мифтік-тәмсілдік реңмен ұштасып, халық мұрасымен кіндіктес болуы – оның ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы. «Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан, көз жазбай көргенімнен жасымдағы», – дейді автор ол туралы. Сондықтан да бүгінгі өміріміздің күндерегі секілді қазіргі баршамыздың басымыздан кешіп отырған түйткілдерді жиі жырлап, бүкпесіз ақиқатты ашық айтқанымен, оның өлеңдері көркемдіктің көкорай мұнарына бөленіп тұратындықтан астарлы да тұспалды тұрпат танытады. Ақын табиғаттың тылсым сырын түйсігімен барлап, байқампаздықпен жырлайтын таңғажайып сезімталдыққа ие. Жаратылыстың құпия құбылыстарын, жыл мезгілдерінің өзгерістерін адамның көңіл күйімен, ішкі әлемімен астастыра жырлау – оның шығармашылық машығына тән бедер. Ақынның «Балқаштың соңғы жолбарысы», «Құланойнақ», «Құлыншағым, құлан жал», «Тағдыр», «Құралай-ғұмыр» секілді өлеңдерінде хайуанаттар мен құстардың бейнесі адамның тағдырымен шендестіріле сомдалып, табиғатты аялауға, мейірбанды болуға оқырманды үндейді. Мына күннің алды – жаңбыр, арты – қар, Тоңған жаным торғайдайын қалтырар. Ғұмыр, сірә, қызылшақа құралай, Туа сала сан жығылып, сан тұрар... Қорғансызға жер бетінде жоқ пана, Жемтік болар жыртқышқа да, оққа да. Құлдыраған сәби жүрек тобықтай, Құстай ұшып жанын сақтар тек қана... Ақын «Құралай-ғұмыр» атты осы өлеңінде құралайдың салқынында төлдеген киіктің лағын ұшы-қиыры жоқ шетсіз далада шексіз қауіп-қатер күтіп тұрғанын, оның нәресте жүрегіне әлдекімдер сұғын қадап үлгергенін айтып, дабыл қағады. Құралайдың салқыны да өліара құбылыс, киіктің лағының аяқтануы да өткелек мезет, сол секілді адам баласының ғұмыры да келте, өткінші екенін ақын ұшқыр түйсігімен аңғарымпаздықпен жырға қосып, сезіміңді селт еткізеді. «Ғұмыр – бейне жезкиіктің лағы... Ортасында өмір менен өлімнің, Күндіз-түні елеңдейді құлағы» деп тосын түйін жасайды. Осылайша, қу медиен дала төсіндегі құралайға оқ жұмсап, нәркес жүрегіне пышақ шаншығалы тұрған қара пиғыл қатігез адамның өзінің де шын мәнісінде өмірі шолақ екенін ұғынбай, мейірбандықтан жұрдай болып өтетініне бұл өлеңді оқыған жан көз жеткізеді. Бетпақдаладағы құлдыраңдаған құралайға, желдей ескен жезкиікке оқ жұмсайтын пенденің өзіне де қадалатын ажалдың жүйрік оғы дайын екенін бір мезет пенденің түсінбейтініне қайран қаласың. Халық күйі «Бөкенжарғақ», «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырындағы буаз маралдың қодығы туралы әпсанадан бері желі тартып С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» жырына дейін жалғасқан, адамның ет бауырын елжіретіп, тасбауырлық пен безбүйректікке лағынет жаудыратын қазақ поэзиясының хайуанаттардың киесі туралы мифопоэтикалық інжу-маржан жырының қатарынан осы өлең де жарқырап орын алды. Ақын бұл жырында табиғатты қорғау туралы құрғақ уағыз айтпай-ақ қалт-құлт етіп өмірге қадам басқан ен даладағы құралайдың мамыражай өмірін ойрандайтын «құдіреттің көк иті» жауыздың қарау ниетін бейнелеу арқылы оқырманның жанашырлық сезімін оятып, ізгіліктің дәнін себеді. Ақын Н.Айтұлының поэзиясының алтын арқауы, бас тақырыбы – тәуелсіздік, бостандық, ынтымақ. Басынан көне тарих төмен құлдап, Тағдырын туған елдің келем жырлап. Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік, Өмірде не бар екен сенен қымбат!? Құбылып соққан желдей заман неше, Қан кешті толарсақтан бабам кеше. Күн емес бодандықта көрген күнім, Төбемнен алтын құйсын маған десе. Ақын қазақ поэзиясын тәуелсіздік үшін күресте шаһид болған батырлардың айбынды бейнесімен толықтырды. Түптеп келгенде, тәуелсіз мемлекетіміздің сан ғасырлық терең тарихы мен бүгінгі кескін-келбетін, бостандық жолында арпалысқан қаһарман бабалардың мұраты мен қазіргі қайсар қазақтың өр рухын көрнекті сөз зергері Н.Айтұлының кесек шығармашылық болмысы мен ақындық жомарт табиғаты қалың еліне түйсіндіріп, түсіндіре беруге тегеурінді қызмет ететін болады. Лапылдаған отты сезімі парасаттың тұңғиық иірімімен суарылып, лирикалық тұлғасы ұлтының болмыс-бітімі, арда қадір-қасиетімен астасып, алаш поэзиясының алыбы болған ақынның ақырғы мекені өзі жырлаған дарабоз Қабанбай бабаның қасынан тұрақ табуы қай тараптан қарасақ та, рәміздік мағынасы терең сырлы түйінге айналды.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, ақын, фольклортанушы ғалым