Ақмола облысында 2 мыңнан астам көлік жолда қалған
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарына ауа райы жайсыз болған күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығынан 2 мыңнан астам автокөлік жолда қалған.
Аумақтық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қарашаның 22-сінде күн райының бұзылуына байланысты ЖАО, ТЖД және ПД қызметкерлері бірлесіп, "Астана-Петропавл", "Көкшетау-Рузаевка", "Көкшетау-Омбы" және "Алматы-Екатеринбор" бағытындағы автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойды.
- Облыс аумағындағы барлық автокөлік жолдарында 44 патрулдік полиция экипажы, оның ішінде 88 полиция қызметкері кезекшілік етті. Соған қарамастан сол күні 8 жол-көлік оқиғасы болды. Зардап шеккендер жоқ. Жалпы, күн райының жайсыздығынан жолда қалған 2080 автокөліктің жүруіне патрульдік полиция қызметкерлері көмектесті, - деді ведомстводан.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарына ауа райы жайсыз болған күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.