Жаңалықтар

Жастар үлгі көрсетті: Ақтөбеде вандализмге қарсы күрес акциясы жүріп жатыр

«AMANAT» партиясының белсенділері автобус бекеттері, ғимарат сырты мен балалар алаңдарындағы жазбаларды өшіруді қолға алды.

«Вандализмге жол жоқ!» деп ұрандаған жастар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап қалумен қатар, қала ішіндегі вандализмге де қарсы күреспекші. Бұл – Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені.

         Осы айда басталған эко-акция арқылы белсенділер еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысына көпшіліктің назарын аударса, ендігі кезекте олар қала ішіндегі вандализмге қарсы күресу жұмысын насихаттауды көздейді.

«AMANAT» партиясының белсенділері автобус бекеттері, ғимарат сырты мен балалар алаңдарындағы жазбаларды өшіруді қолға алды. Автобус бекеттерінде ілулі тұрған қаптаған жарнама жапсырмаларын да алып тастады.

«Жастар Рухы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тыныштық Әлішердің айтуынша, осындай акциялар арқылы вандализмнің алдын алып, тәртіп бұзатындардың саны азаяды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомстволардың басшыларымен кездесуде «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін жағдай қалыптастыру қажеттігін баса айтты.

Әр қалада жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдерінің шимайланғанын көре аласыз. Дәл осындай жерасты өткелін кеше Павлодарлық белсенділер тазартса, бүгін ақтөбеліктер Әбілқайыр хан даңғылындағы жерасты өткелін тазартуға кірісіп кетті.

Белсенділердің жұмысын бақылаған Атырау тұрғыны өз ризашылығын білдіріп, осындай акциялардың жалғасуын қолдады.

Мұнымен қоса Абай облысының жастары «Күшікбай» тарихи ескерткішінің аумағын қоқыстан тазартса, Қостанай мен Петропавл белсенділері ақпараттық материалдар тарату арқылы қала тұрғындарын вандализммен күресуге үндеуде.