Шідертіде 8 айлық сәбидің неден көз жұмғаны белгілі болды
Шідерті ауылында 8 айлық сәби жұмбақ жағдайда қайтыс болған.
Павлодар облысы Шідерті ауылында 8 айлық сәби көз жұмды. Бұл туралы Vita еріктілер ұжымы хабарлады.
Ұйымның мәліметінше, бала аштықтан көз жұмған. Отбасындағы өзге балалар да қатты ашыққан. Еріктілер өңір тұрғындарын балалар үшін өмір сүруге қолайсыз отбасылар туралы хабарлауға шақырды.
"Мұндай отбасыларға бей-жай қарамауларыңызды сұраймыз. Балалар бейбіт күнде жауапсыз ересектердің, мемлекеттік органдардың, біздің үнсіздігіміздің кесірінен көз жұмып жатыр", - дейді еріктілер.
Сәбидің көз жұмғанын облыстық Денсаулық сақтау басқармасы растады. Алайда өлімнің себебі әлі белгісіз.
"Жедел жәрдем стансасы 17 қарашада Шідерті ауылында 2023 жылы туған сәбидің өлімін тіркеді. Сәбидің тұрақты тұрғылықты жері Павлодар қаласы деп көрсетілген. Сәбидің ата-анасы Шідерті ауылында медициналық көмекке жүгінбеген", - делінген басқарма хабарламасында.
Көз жұмған сәбиге медициналық сараптама жасалды, оның нәтижесі гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзда балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша арнайы жиналыс өткізіп, сегіз айлық балаға қатысты жағдай қаралды. Облыс әкімі жағдайды егжей-тегжейлі түсініп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.