Жаңалықтар

Биылғы қыс: желтоқсанда жел, қаңтарда қар, ақпанда аяз бола ма?

ашық дереккөз

Жыл басында оңтүстік өңірлерде ауа температурасы нөлден жоғары болады.

Синоптиктер алдағы қыс Атлант мұхиты аймағынан келетін ылғалды ауа массасымен ерекшеленетінін мәлімдеді, деп хабарлады Turkystan.kz.

Бұл – 2024 жылғы қыс жылы болады деген сөз. Яғни, желтоқсанда бұрқасын жел, қаңтарда қалың қар, ақпанда сақырлаған аяз аз болады.

Мамандар мұны қалыпты жағдайдан ауытқу деп санамайды. Олар 2001-2002 жылдары дәл осындай қыс болғанын алға тартып отыр.

«2023-2024 жылғы қыс 2001-2002 жылғы қыс секілді жылы әрі  жауын-шашынды болады. Температуралық фон климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болуы мүмкін. Осыған дейінгі деректерге сәйкес, қыс жылы болғанда орташа температура қалыпты жағдайдан 4-10 градусқа жоғары болады», – дейді «Қазгидромет» өкілі А. Ысмағұлова.

Оның айтуынша, жыл басында қар жиі жауады. Еліміздің солтүстігі мен шығысында және орталығында шыңылтыр аяз болуы ықтимал. Ауа температурасы -17 градусқа дейін төмендейді. Ал оңтүстік өңірлерде термометр нөлден жоғары болады.