Жаңалықтар

5 жастағы қызды өлтірген педофил жазасын «Қара бүркітте» өтейді

ашық дереккөз

Ол өмірінің соңғы күніне дейін камерада отырады.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 5 жастағы қызды өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылған педофил жазасын Қазақстандағы ең қатал түрме – «Қара бүркітте» өтейді, деп хабарлады turkystan.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

48 жастағы Сайдолим Ғайбназаров қараша айының басында Қостанай облысындағы төтенше қауіпсіз мекемесіне ауыстырылды. Ол өмірінің соңғы күніне дейін камерада отырады. Педофилге түрмеде айына кемінде бір рет мәжбүрлі химиялық кастрация жасалады.

«Химиялық кастрацияға қатысты сотталған жазасын одан әрі өтеу үшін мекемеге келгеннен кейін оның құрамына аймақтық деңгейдегі мамандар кіретін мамандандырылған психиатриялық комиссияда медициналық тексеруден өтеді. Кейіннен комиссияның қорытындысы бойынша сотталған дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді, онда химиялық кастрацияға арналған препаратты тағайындау туралы шешім қабылданады. Препарат бұлшықет ішіне екі аптада бір рет немесе айына бір рет тағайындалады. Бұл талдау нәтижелеріне байланысты (тестостерон деңгейінің төмендеуі)», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, оқиға 13 шілде күні Сарыағаш ауданында болды. Ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақатын алған бес жасар қыз өлі табылған еді. Бірқатар ақпарат көздері таратқан ақпаратқа сәйкес, қызды зорлап, өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған. Ал күдікті бұрын сотталған 1975 жылы туған нашақор болып шықты.