Руханият

Елордада ақын Марфуға Бектемірованы еске алу кеші өтті

Turkystan.kz

21 қараша күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ақын, аудармашы Марфуға Бектемірованың шығармашылығына арналған кеш өтті.

«Қазақ лирикасы және М.Бектемірова поэзиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ақынның көзін көрген қаламгер замандастары,  Испания, Ресей және Қырғыз Республикасынан келген жазушы, ғалымдар мен жас буын өкілдері қатысты.

Ақынның 65 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген ғылыми басқосуда Ресей Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Геннадий Иванов құттықтау сөз сөйлеп, Испаниядан арнайы келген филология ғылымдарының докторы  Александр Бронин мен қырғызстандық ақын, филолог-ғалым Айда Эгембердиева арнайы  баяндама жасады. 

Қазақтың белгілі тұлғасы, жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек Марфуға Бектемірованың шығармашылығын құрметтеп, «Дегдар ақын» деп бағалаған екен. Қаламгердің «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Аққуым менің, қайдасың?» т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Ұзақ жылдар бойы түрлі ақпарат құралдарында жұмыс істеген М.Бектемірова аудармашы ретінде орыстың атақты ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін аударып, «Аударма» баспасынан «Жыр-жауһар» сериясымен кітап етіп шығарды. Оның редакторлық етуімен Марина Цветаева, Сергей Есенин сияқты орыс ақындарының, рим ақыны Публий Овидий, шотланд ақыны Роберт Бернс, ағылшын ақыны Биши Шелли, жапон ақыны Исикава Такубоку, француз ақыны Пьер-Жан Беранже секілді тұлғалардың кітаптары басылды.  

Тағылымы мол ғылыми-тәжірибелік іс-шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің құттықтау хатын оқып берді.

«Бүгінгі қазақ лирикасы мен Марфуға Бектемірованың поэзиясына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызы зор. Көңіл пернесін дәл басқан нәзік лирикаға соқпай өткен ақын жоқ. Қазақтың мөлдіреген қара өлеңі де тұп-тұнық лирика. Абай атамыздан бастап Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев секілді біртуар ақындардан үлкен мектеп қалды. Марфуға Бектемірованың поэзиясы осы алтын арқаудың заңды жалғасы деп есептеймін. Ақын апамыздың шығармалары ұлтымыздың рухани қазынасына айналары сөзсіз», – деген тілегін жеткізді. 

М.Бектемірованың қаламынан туған өлеңге бірқатар композитор ән шығарды. Сонымен бірге өзі де ән шығарып, сазгер ретінде танылды. Оның 20-ға тарта әндері бар. Мысалы, «Ақ қайыңға», «Махаббат мұнары» әндері жұртшылық тарапынан жылы қабылданған.

Конференцияда сөз алған ақынның замандастары өткен күндерді еске алып, жылы естеліктерін айтты.  

Ұлағат БЕКБОЛАТ