Жаңалықтар

Алматы көшелерінің бірінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

freepik.com

21 қарашада сағ.23:00-ден 22 қараша сағ.06:00-ге дейін көлік қозғалысы жабылады.

Алматыда Байзақов көшесінің учаскесінде жөндеу жұмысына қатысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлады turkystan.kz.

Байзақов көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 21 қарашада сағ.23:00-ден 22 қараша сағ.06:00-ге дейін көлік қозғалысы жабылады.

«Dauren Build» ЖШС мердігер ұйымы 2023 жылдың тамызында Байзақов көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі учаскесінде жол жабындысының беткі қабатын алып тастағанымен, жаңа жол жабындысының жоғары қабаты төселмеген.

Almaty.tv сайтының мәліметінше, жол жөндеу жұмыстары тапсырыс берушінің келісімінсіз 20 күннен астам тоқтатылған.

Тапсырыс беруші тарапынан жұмыстарды жалғастыру туралы бірнеше ескерту жіберілген болатын. Алайда мердігер ұйым өз жұмысын тек қазанда жалғастыра бастады. Сонымен қатар техникалық қадағалау қызметі жұмыс сапасына қатысты бірқатар ескертулер жасаған. Бірақ ақаулар күні бүгінге дейін түзетілмеген.

Сондықтан «Dauren Build» ЖШС-мен жасалған келісімшарт бұзылып, материалдар сотқа жіберілді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орташа жөндеу жұмыстарын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірнеше мердігер ұйым бірігіп жүргізетін болады.