Жаңалықтар

Қазақстан онлайн қызмет көрсетуден әлем бойынша сегізінші орында тұр

Getty Images

Елімізде қызмет түрлерінің 93 пайызы электронды түрде көрсетіліп жатыр.

Қазақстан онлайн қызмет көрсетуден әлемде 8-ші орында тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz «Qazaqstan» арнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, елімізде қызмет түрлерінің 93 пайызы электронды түрде көрсетіліп жатыр. Смартфон арқылы алатын қызметтердің саны биыл 6 есе өскен. Банк қосымшаларда 50-ден астам қызмет түрі бар. Олардың саны 33 млн-ға жетіп, 3 есе өсті.

«Біз проактивті қызметтерді де дамытып жатырмыз. Ол – азаматтардың жүгінуін күтпей, айтқызбай, мемлекеттің өзі ұсынатын қызметтер. Оның түрі 40-қа жетіп, саны 2 млн-нан асты. Биометриялық растау және QR-мен қол қою арқылы электронды қызмет алу жеңілдеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісі бойынша онлайн-сервис көрсету жағынан Қазақстан дүниежүзінде 8-орында», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.